Ұлттық зерттеу университеттері Оған заманауи көзқарас қандай болуы тиіс?
Еліміздің нарықтық негізге көшуінен басталған, соңғы екі онжылдықта Қазақстанда орын алған өзгерістер экономика мен әлеуметтік салаға, соның ішінде білім беру ісіне де әсер етті. Ахмет Байтұрсынов айтқан білім жарысы нарық заманында нағыз бәсекелік сипатқа ие болды. Қазірде жоғары оқу орындары жұмысының тиімділігі олардың талапкер тартуымен ғана сипатталмайды. Оқу үдерісінің сапалылығы, әдістемелік, ғылыми, халықаралық, жаңашыл және бизнес саласына қатысуы да білім ордасына сын. Білім ордаларының инновациялық деңгейін арттыруы, олардың өндірістік кәсіпорындармен байланысын күшейтуі, еңбек ресурстарын басқару саясатын жетілдіруі оның менеджментіне заманауи көзқарасты талап етеді. Ғылымды, инновацияны, кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасын арттырудың тегершігі десек, бұл орайда жоғары білім ордаларының алар орны ерекше.
Қазірде өндірістің жекеменшік секторына студенттерді техникалық маман ретінде даярлау проблемасы еуропалық білім беру жүйесі бас ауруының бірі болып саналады. Өйткені, олардың теориялық дайындығы басымырақ болып келеді, практика кенжелеп қалады. Кейбір мемлекеттер арнайы политехникалық институттар немесе университет шеңберінде практикаға бағытталған тренингтік бағдарламалар құруға талпынуда. Еуропа университеттерінің барлығы дерлік мемлекеттік, сондықтан білім ордасының бюджеті толығымен үкіметтің қаржысы есебінен қалыптастырылады. Мысалы, Ұлыбритания университеттері факультеттерінің бюджетін арнайы формулярлар негізінде министрлік бекітеді. Осындай жүйені Германиядан да көруге болады.
Қарастырылып отырған мәселе шеңберінде Ресей Федерациясының тәжірибесі белгілі дәрежеде қызығушылық туғызады. Ресейде ұлттық зерттеу университеттерін құру экономиканың жоғары технологиялы секторын дамытуға байланысты салмақты жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі тұрғысынан туындады. 2009 жылдың қаңтарында «Білім беру» ұлттық жобасының шеңберінде Ресей Федерациясы президентінің жарлығымен ұлттық университет жүйесін қалыптастыруға бастапқы қадам жасалды. Аз уақыт ішінде ұлттық зерттеу университеттерінің классикалық жоғары оқу орындарынан сапалық өзгешелігін көрсететін факторлары нақты түрде қалыптастырылды. Алғашқыда ұлттық зерттеу университеттерінің санатына 14 жоғары оқу орны кірген еді, ал қазір олардың саны 29-ға жетті. Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтің даму тұжырымдамасының ережелері негізінде Ресей Федерациясының жоғары ғылыми-зерттеу университеттерінің (ҒЗУ) өздеріне тән белгілерінің жиынтығы анықталды және олар басқа үлгідегі ЖОО-дан нақты түрде ерекшеленеді. Мысалы, олардың ішінен студенттердің ғылыми және зерттеу жұмыстары барлық пәндердің білім беру практикасына енгізілуін, ғылыми-техникалық даму базисі ретінде университеттің әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің өзгертілуін, нақты экономика секторымен инновациялық өндіріс түріндегі тығыз ұйымдастырушылық және позициялық байланыстарды қалыптастыруды, ғылымның басты салаларында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруды дамытуды айтуға болады. Қазір Қазақстанның «Ғылым туралы» заңында ғылыми және инновациялық қызмет үшін кадрлар даярлауға бағытталған және инновациялық экономиканың белсенді өсу нүктесі бола алатын зерттеу университеттері ұғымы енгізілген. Зерттеу университеттері арнайы мақсатты бағдарлама бойынша дамуы тиіс. Өте жоғары деңгейде ғылыми-зерттеу жүргізулері және олардың нәтижесін практикаға енгізуді қамтамасыз етулері қажет. 2014 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Индустрияландырудың екінші кезеңінің мақсаты – әртараптануды ынталандыру, өңдеуші кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру, тиімділікті арттыру және экономиканың басым секторларында қосымша құнды ұлғайту болып табылады. Бұл, жалпы алғанда, Отанымыздың жоғары білім беру жүйесіне тиянақты талаптар болатындығын айқындайды.
Білім және ғылым министрлігі алқасының 2014 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен ғылым мен білім интеграциясы мәселелерін қамтыған Жол картасы бекітілді. Ол қамтитын негізгі бағыттар бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институты, Ғылым комитетінің ғылыми кадрларды дайындау біріккен жобасы жүзеге асырылды. Магистранттар мен PhD докторлар дайындалады. Сонымен қатар, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті базасында ұлттық зерттеу университеттері құрылды. Осылайша, елімізде ұлттық зерттеу университеттерін құруға жол ашылды.
Сонымен, ұлттық зерттеу университеттері қандай болу керек? Олардың тек ғылымды дамыту және білім беру ғана емес, сондай-ақ, білімді басқару, озық технологияның экономикаға енгізілуін қамтамасыз ету, іргелі және қолданбалы зерттеулер жасау, магистрлер мен PhD докторларын дайындаудың тиімді және біліктілікті жетілдіру бағдарламасының дамыған жүйесін табуы маңызды болмақ. Біздің ойымызша, мұндай жоғары оқу орындар жүйесі елдің ғылыми-техникалық кешенінің дамуына және оны қажетті еңбек ресурстарымен толық қамтамасыз етуге динамикалық түрде ықпал етуі тиіс.
Қазақстандағы ұлттық зерттеу университеттері қазір жоғары оқу орындары базасында қалыптастырылатын болады. Студенттерді инновациялық жобалауға, ашылған ғылыми жаңалықтарды коммерциялауға үйрету, алға қойған мақсаттарға сәйкес басқаруды ұйымдастырудың жаңа жүйесін құру олардың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне жатады. Мұның дамыған елдерде жақсы үлгілері бар. Мысалы, АҚШ-тағы ұлттық зерттеу университеті – Массачусет технологиялық институтын (MIT) алайық. Институттың бір жылғы табысы 2,644 миллиард доллар болады, оның 51,9 пайызын зерттеулер мен жасақтамалардан алынған табыс құрайды, эндаумент – 7,982 миллиард доллар, институт түлектері құрған жеке кәсіпорындар саны – 25800. Институт түлектері құрған компаниялардың жыл сайынғы қосымша табысы – 2 триллион доллар. Жыл сайын 4232 адам бакалавр, 6152 адам магистр мен докторант болып шығады. Барлық оқу үдерісі мен ғылыми жасақтамалар өзін-өзі қаржыландыруға негізделген.
Озық елдердің зерттеу университеттеріндегі қолданылып келе жатқан басқаруды ұйымдастыру жүйесі негізінен горизантальдық байланысқа құрылған, жоғары деңгейдегі қызметкерлерді негізінен инновациялық қызметке бағыттайды. Осылайша, ұлттық зерттеу университеттеріндегі басқаруды ұйымдастырудың жаңа жүйесі құрылымының заманауи беталысына сәйкес келуі қажет. Мұндай нәтижеге жету үшін, бірінші кезекте, жұмыс істеп тұрған басқару жүйесіне қайта құру жүргізу керек, онда университеттің барлық кафедраларының кооперацияларын синергетикалық нәтиже беруге бағыттаған дұрыс деп ойлаймыз. Университетте тұйық цикл, яғни білім беру, зерттеу және инновациялық кәсіпорын құру ғана болуы тиіс. Бұл, жинақтап айтар болсақ, кадрларды дайындау, инновациялық идеялар және оларды тудыра алатын және өндіріске енгізетін кадрлар деген сөз. Инновация тудыру – генерация үздіксіз және мүмкіндігінше көпшілікті қамтуы болуы керек. Тек осы жағдайларда ғана ғылыми зерттеу университеттерінің қызмет үдерісі жемісті болмақ.
Ұлттық зерттеу университетінің түлегі талдауды, жобалауды және оны жүзеге асыруды қажет ететін кәсіби жағдайларда жүйелі іс-әрекетке дайын бола алатын, демек, креативті, шығармашылықпен жұмыс істеуге қабілетті, бойында ойлау шапшаңдығы бар, қажет болғанда тез шешім қабылдауы тиіс. Әр пәннің мақсаты – студенттер үшін жаңа білім көкжиегі болады. Студент жобалау немесе қолданбалы зерттеу барысында өз бетімен білім алып, зерттеу функцияларының дағдысын меңгереді. Кәсіби дайындалған кадрларға сұраныстың өсуі, сонымен қатар, белгілі бір мамандар санатына бизнес тарапынан тапсырыс болған жағдайда жоғары оқу орны профессорлық-оқытушылық құрамды тиімді пайдаланбай мақсатқа жете алмайды. Ол үшін профессорлық-оқытушылық құрамды ұстауға жұмсалатын шығынды азайту қажет. Мысалы, жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларына таңдау жасай отырып, бакалавриатқа кететін шығынды төмендету керек. Мысалы, Білім және ғылым министрінің 2013 жылдың 25 қазанындағы № 434 бұйрығымен бекіткен жоғары оқу орнына қойылатын талаптарда білім алушылар үлесі бакалавриатқа – 65, магистратураға – 35, докторантураға – 35 пайыз көрсетілген. Бірақ бакалаврдың магистранттарға, PhD докторларға деген сандық арақатынасы анықталмаған. Біздің көзқарасымыз бойынша, бакалавриат бағдарламасы түлектерінің саны магистратура және PhD докторантура бағдарламаларының түлектері санынан әлдеқайда аз болуы тиіс. Оқу ағынын ірілендіру және білім беру бағдарламаларын бірыңғайлау немесе бакалавриаттың бір бөлігін қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалана отырып оқытуға көшіруді бакалавриат шығынын азайту жолдары ретінде қарастыруға болады. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімге келетін болсақ, магистранттар, резидентура тыңдаушылары, адъюнктер мен докторанттар қатарына қабылдауға жоғары, яғни аймақтық ЖОО-ның қабылданушыларына қойылатын шарттардан әлдеқайда бөлек талаптар қою қажет.
Өнімді қызметтің тұйық циклын, яғни білім беру, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және инновациялық кәсіпорын құру үшін кадрлар мен инновациялық идеялар және оларды тудыра алатын, өндіріске енгізетін кадрлар дайындауға бағытталған университеттің жаңа стратегиясы болуы тиіс. Салалық мамандандыруды ескере отырып, инновациялық зерттеулердің бағытын қажетті кәсіби кадрларды дайындауға, сол сияқты кәсіпорынға инновацияны игертуге жауапты профессор-оқытушылық құрамды ұйымдастырумен біріктіре қалыптастыру қажет. Бұл жағдайда жоғары оқу орны жалпыинституттық іргелі кафедраларды бөлек блокта қалдырады. Мамандандырылған салалық кафедралардың профессор-оқытушылық құрамын қамту арқылы реформалануы мүмкін. Кадрларды сапалы даярлау жүйесін құру және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін білім ордасы жалпы бюджетінің 10-15 пайызы көлеміндегі қаржыны жыл сайын материалдық-техникалық базаны жаңартуға бағыттау дұрыс болады деп ойлаймыз. Ұлттық зерттеу университеттерінде құрылатын жаңа зертханалар еліміздің басқа жоғары оқу орындарында ашылып жатқан дәстүрлі зертханалардан едәуір өзгешелендірілуі тиіс. Ол үшін тәжірибелер мен эксперименттер жүргізуде аса жоғары дәлдікті нәтиже алуға мүмкіндік беретін заманауи, жоғары технологиялық жабдықтар мен құралдар таңдалатыны белгілі.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – ұлттық зерттеу университеттерінде жүргізілетін ғылыми-зерттеудің сапасы басты көрсеткіш болып табылады. Ұлттық зерттеу университеттері өз жұмыстарына белгілі профессорлар мен зерттеушілерді шақырады, сондықтан да бұл университеттерге тапсырыс берушілер өздерінің маңызды және қымбат тұратын зерттеулерін сеніп тапсырады. Сол себепті да гранттық іргелі ғылыми-зерттеу жобасы, бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру шеңберінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шаруашылықтардан келісімшартпен түскен қаржы университет бюджетіндегі табыстың ауқымды бөлігін құрайтын болады.
Университеттің профессор-оқытушылық құрамы дәйексөздерінің саны, яғни, олардың ғылыми мақалаларының мәтіндері санының осы университет профессор-оқытушылық құрамының жалпы санына арақатынасы – ұлттық зерттеу университеттері зерттеулерінің сапалық көрсеткішіне толық кепіл болады. Ғылыми жарияланымдарда кездесетін мәтіндер көзі – Web of Science (Thomson Reuters) платформа, Scopus және Google Scholar іздеу жүйесіндегі ғылыми сипаттағы жарияланымдардың үш ірі библиографиялық мәліметтері болып табылады. Ұлттық зерттеу университеттерінің профессор-оқытушылық құрамын жұмысқа қабылдау немесе оларды мансаптық жоғарылату кезінде қойылатын талаптардың күшейтілуі де зерттеу сапасына ықпал етеді. Қысқасы, барлығы да ғылым мен ұстаздықты ұштастырған тұлғалардың деңгейіне тікелей байланысты.
Халықаралық тәжірибелердің көрсеткеніндей, бүгінгі күні зерттеу қызметтерінің коммерциялық бағыт алуы жоғары оқу орындарының кәсіпкерлік қызметтерін жүзеге асырудың кең таралған тетігі болып табылады. Технологиялардың коммерциялануы деп ғылыми-зерттеудің нәтижелерін пайдаланып табыс табуға бағытталған кез келген қызмет түрі айтылады. Бүгінде инновациялық кәсіпкерлік қызметті жоғары оқу орындарының уақыт ағымына ілесуі ғана емес, оны адам ресурстары – ғалымдар мен кәсіпкерлер деп түсінгеніміз абзал. Мысалы, Питтсбург университетінде зерттеулерді коммерцияландырудағы ғалымдар еңбегінің марапатталуын көтеруге арналған тұтастай бағдарлама жасалған. Дегенмен, қазақстандық жоғары оқу орындарын институттық автономия алуының болашағы тұрғысынан алғанда, олардың инновациялық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру, эндаумент-қорлар, орталықтар құру мен дамыту арқылы тапқан табысты әртараптандыруға деген құлшынысы байқалады.
Университет пен бизнес арасында нәтижелі байланысты дамытуға күш салу, технология трансферінің дамуына, қосымша білім беруге, жоғары сұранысты түлектерді даярлауға ерекше назар аудару ұлттық зерттеу университеттерінің болашақтағы стратегиялық мақсаты болуы тиіс. Болашақта белсенді инновациялық маман-зерттеушілерді оқытып, теория мен практиканың өзара қарым-қатынасына орта қалыптастыру ұлттық зерттеу университеттерінің басқа жоғары оқу орындарынан басымдығын анықтайды. Ұлттық зерттеу университеттері ғылымның кадрлық әлеуетінің, оқу үдерісі мен ғылыми қызметтің, жоғары технологиялар мен кәсіби білім берудің дамуы мен қорғалуына деген жауапкершілікті өзіне алуға қабілетті болады. Бұл олардың қызметінің барлық негізгі параметрлеріне жоғары талаптар қоюды қажет етеді.
Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ,
Рудный индустрия институтының ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор.
|
РУДНЫЙ.