Шетелдіктерге қазақ ойындарын кең ауқымда көрсеткім келедіFarabi University

Шетелдіктерге қазақ ойындарын кең ауқымда көрсеткім келеді

26 наурыз, 2025

Елемес ӘЛІМХАНОВ, 
педагогика ғылымының докторы, профессор: 

Елемес Әлімханов – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дене тәрбиесі және спорт кафедра­сы­ның профессоры, педагогика ғылымының докторы. Қа­зақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері, ҚР құрметті спорт қайраткері, «Жоғары оқу орнының үздік оқы­ту­шысы» мемлекеттік грантының иегері. Ол тәуелсіз Қазақ­стандағы ұлттық күрестің негізін қалаушы тұлға. Елемес Әлімханұлы – қазақ күресі балуанына арналған киімнің авторы. Сондай-ақ халқымыздың ұлттық ойындары мен спортын ғылыми тұрғыда зерттеп келеді. Осы екі бағыт ғалымның басты бағдаршамы. Біз ғалымның негізгі зерт­теу нысанына айналған осы екі бағыттағы ізденістері мен жетістіктеріне тоқталамыз.

Ғалым қазақ күресі балуа­ны­на арналған киімнің авторы екенін жоғарыда айттық. Әң­гімені «бұл жолдағы ізденіс қа­лай басталды?» деген сауал­дан бастадық.

– Қазақ халқында ұлттық күрестің бірнеше түрі болса да, арнайы балуандарға ар­нал­ған киімдер қарастырыл­ма­ған екен. Осы саланы зерт­теу ба­ры­сында халқымыздың ертегі-аңыздарында, батыр­лар жыр­ла­рында, этнография­лық жаз­­баларында, тарихи және көр­кем шығармаларында, ар­хео­логиялық қазба дерек­те­рінде балуандарға арналған ар­найы киімдері туралы де­рек­тер кездеспеді. Балуандар «Күш атасын танымас» деген қағидаға сүйеніп, жас ерек­шеліктеріне және салмақ дәре­же­леріне қарамай күрескен. Қырғыз елінің «Манас» жы­рын­да Қосай мен Жолай күреседі. Қосай – қазақтың, Жолай – қырғыздың балуаны. Олардың күресетіні туралы қырғыз хал­қы бір жыл бұрын жариялап, ба­луандарға арнайы киім да­йын­дауға жарлық береді. Ба­л­уан­дарға арнап тігілген киім туралы деректер басқа жер­де көзге түспеді. 1991 жылы Ал­ма­тыға Жапониядан отызға жуық БАҚ өкілдері кел­ді. Мақсат – Орта Азия елде­рі­нің ұлттық спорт пен ойындары туралы деректер жинау. Спорт комитеті бізге оларға қазақ күресін таныстыруға тапсырма берді. Қазақ күресі респуб­ли­ка­лық федерациясының пре­зи­денті Бауыржан Жаналин және осы федерацияның бас хат­шысы ретінде екеуміз «Ар­найы жапон елінен келген қо­нақ­тарға қазақ күресін қайда, қа­лай көрсетеміз?» деп ақыл­дас­тық. Ол кезде қазақ күре­сінде балуандар самбо мен дзюдо киімдерін қолданатын. Қазақ күресін Алматыдағы цирк­тің алдындағы алаңда көр­сетуді шештік. Балуандар сам­боның күртешесі, дзюдо­ның кимоносымен келіп, көгал­да қазақ күресінің түрлі әдіс­те­рін жасап жатыр. Бір уақытта аудармашы келіп: «Сіздер қа­зақ күресін қашан көрсете­сіздер? «Бағанадан бері самбо мен дзюдоны көріп отырмыз ғой» деп қонақтар сұрап жа­тыр» деді. Біз абдырап қалдық. Ақылдаса келе, жанымызда тұрған Мұхтар Әуезов атын­да­ғы Қазақ драма театрына ба­рып, төрт шапан сұрап алдық. Кәдімгі оюланған, сахнаға киіп жүрген артистердің шапаны. Шапанды балуандарға кигізіп, ойынды қайта бастадық. Қа­зақ күресінің әдіс-айлаларын көбі­рек көрсетуге тырысып жатыр­мыз. Жапон журна­лис­тері са­тыр­латып суретке және бей­­нетаспаға түсіріп жатыр. Бі­раздан кейін журналистер «Міне, енді ұлттық күресті көр­дік» деп, бізге, балуандарға рақмет айтып, бастарын иіп қоштасты, – дейді профессор.

Осы жағдайдан кейін қазақ күресі балуанына арналған арнайы киім қажет екені се­зілді. Елемес Әлімханұлы «Қа­зақ күресінің әдіс-айласына ба­луан киімінің әсері» атты та­қырыпты бекітіп, ғылыми ізд­е­нісін бастады. Қазақта күреске шыққанда «балақты түріп, білекті сыбанып» деген сөз бар, ол да түрткі болды. Батыр­лар­дың киімдері зерттелді. Байқаса, батырлар киімдерінің жеңдері қысқа болып келеді. Бұл арпалыс кезінде батырдың өзіне қолайлы, ал жауына қо­лай­сыз болады екен. Шап бе­ріп ұстай алмайды. Соған қа­рап балуан киімі жеңінің қысқа болғаны дұрыс деген шешімге келеді. Осы жағдайлар қазақ күресі киімі үлгісіне батыр­лар­дың қысқа жең «Торғауыт» атты сауытының үлгісін алуға себеп­ші болды.

– Содан кейін самбо мен дзю­до киімдерінің ерекше­лік­тері зерттелді, олардың жең­де­рі ұзын. Балуандар шаршы алаңға шыққанда 5 минут кү­ре­седі. Уақыттың 60-70 пайызы қолмен жеңнен ұстауға немесе ұсталған жеңді босатуға кете­ті­ні анықталды. Ол күрестерде балуандар жерге жатып та күресті жалғастыруға мүмкін­дік­­тері бар. Ал қазақ күресінде балуандар тек түрегеп тұрып күреседі. Кілемге құлағаннан кейін күрес тоқтатылады. Егер балуандардың жеңдері ұзын болса, олар еңкейгенде бір-бі­рінің арасы екі метрдей алшақ­тап кетеді. Оларды қалай жа­қын­датамыз? Сол үшін жеңді қыс­қарту керек деген ұйғарым­ға келдік. Жеңнің қысқа болуы балуандардың күш-қабілет­те­ріне жоғары талап қоятын тиім­ділігі бар екені де дәлелденді. Қа­зақ күресіне арналған ба­л­уан киімі бойынша 1996 жылы кандидаттық диссертация қо­р­ғап, кейіннен патент алдым. Қазір қазақ күресін елімізде және халықаралық жарыстарда осы киім арқылы таниды. Ар­найы дене жаттығуларын қол­данудың адам денсаулығына әсері бойынша екі авторлық куә­лік алынды, – дейді ғалым.

Про­фессордың «Қазақтың ұлттық халық ойындары мен спор­тының теориялық және педагогикалық негіздері» атты монографиясы бар. Бұл оның докторлық диссертациясының тақырыбы. Осы монографияға 326 ойын енгізілген. Халық арасында бұдан да көп ойын түрі бар. Оны әлі зерттеу қажет. Кейбір ойындардың аттары бар, бірақ мазмұны жоғалып кеткен. Себебі халқымыздың ашаршылыққа ұшырауы, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жыл­да­ры ұлттық ойын түрлерін қол­дану дәрежесі төмендеп, дамуына кері әсері болды. 1950 жылдарға дейін ұлттық ойын­дар мектеп бағ­дар­ла­ма­сында болған, кейін алы­нып тас­талды. Қазір елімізде ұлт­тық ойын түрлері мектеп бағ­дар­ламасына қайтадан кеңінен ен­гізілуде.

Қазақстан егемендік алған­нан кейін ұлттық ойындардың ел арасында дамуы артты. Бі­лім мен тәрбиеде қолданылуы кеңейді, ұлттық спорт түрлері дамып, халықаралық дәрежеге жете бастады. Өткен жылы Астана қаласында V Дүние­жү­зі­лік көшпенділер ойын­да­ры­ның сәтті өткізілуі Қазақ­стан­ның халықаралық дә­режедегі беделін жоғары көтерді.

– Білім беру және ғылым саласын игеруде, оны өмірде, тәжірибеде қолдану дәрежесі маңызды. Мен сабақ бергенде және ғылыми зерттеу тақырып­та­рын таңдағанда оның тәжі­ри­белік өмірде пайдалы болу жақтарына баса көңіл бөлемін. Мы­салы, қазір университетте оқып жатқан студенттердің дип­­ломдық жұмыстарында дәс­­түрлі ұлттық ойындар тақы­рып­тары көптеп кездеседі, ол болашақ маманның кәсіптік жұмысында қажет болады. Пә­кіс­тандық магистрант Мухам­мад Самран Зафарға Қазақ­стан­дағы және өз еліндегі құ­­ралмен ойналатын ұлттық ойын­дарды салыстырып зерт­теу берілді. Докторант Бейбіт Өс­теміровке Қазақстанда ар­найы зерттелмеген, жоғары сұ­­ра­нысқа ие тақырып – «Елі­міздегі ат бәйгелерінің дамуы мен халықаралық жарыс ере­же­лерін қалыптастыру» бо­йынша диссертациялық зерт­теу жұмысы тапсырылды. Ба­­­­йыптап қарасақ, көптеген елдердің ұлттық ойындарында ұқсастық бар. Бұл жағдай ха­лық­тардың өзара араласуы мен мәдениеттерінің бір-бі­ріне өтуінен де туындауы мүм­кін, сонымен қатар бұл кө­шірме де емес. Оны ғылыми жа­ғынан тал­дайтын болсақ, елдің ша­руа­шылық жүргізуі, тұрғылық­ты жер мен климат­тың ерек­ше­лігіне сай күнде­лік­ті қа­жет­тіліктен туындаған ой мен тәжірибені жетілдіруге бағытталған адамдардың ар­найы әрекеттерінен туындаған бір-біріне ұқсас ойындар да пайда болуы ықтимал деп тұ­жырым жасауға болады. Ол зерттеуді қажет етеді. Мы­салы, бір-бірінен алыста жат­қан Пәкістанның «Гилли-Дан­да» ойы­ны қазақтың «Шілдек» ойы­нына қатты ұқсас. Сол сияқ­ты қазақта «Бес тас» деген ойын бар, дәл сондай ойын саха елінде де бар, – дейді Елемес Әлімханұлы. – Біздің кафедрада ұлттық ойындар деген арнайы сабақ өтеді. Бұл пәнді теориялық, әдістемелік, тәжірибелік түрде өткіземіз. Бірақ ол пән тек біздің Дене тәр­биесі және спорт маман­ды­ғында оқитын студенттерге арналған. Ал 27 мың студенті бар университетімізде отан­дық студенттермен қатар, шет­ел­дік студенттер де көп оқиды. Осы шетелден келген студенттерге еліміздің мәде­ние­тін, дәстүрін, ойындарын да көрсетіп, насихаттасақ де­ген ой туындайды. Сонда олар өз еліне барғанда біздің халқы­мыз­дың мәдениеті туралы ай­тар­лары көп болар еді. Наурыз мейрамы кезінде ме, әлде арнайы университеттік фес­ти­валь ретінде ме, шетел сту­дент­терінің қатысуымен олар­дың өз елдеріндегі мәдени көріністерін ұлттық киімдері, ойындары, салт-дәстүрлері, тағамдары, ән-билері арқылы көрсететін болса, студент­тер­дің бір-бірімен мәдени байла­ныс­тары жетіліп, Қазақ елінің бейбітшілікті, халықтар ара­сын­дағы татулықты, білім мен мә­дениетті әрқашан қолдай­ты­ны туралы білгендері арта тү­сер еді.

Әрбір ғалым өз зерттеуі бо­йынша «елге пайдамды ти­гіз­сем, кәдесіне жарасам» деп ой­лайды. Біз бүгін профессор Елемес Әлімханұлының ұзақ жылдар бойғы ғылыми зерттеу барысындағы сүбелі еңбегі туралы қысқаша айттық.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ