«Көркем шығармалардағы хронотоп категориясы»Farabi University

«Көркем шығармалардағы хронотоп категориясы»

27 ақпан, 2025

2025 жылдың 27 ақпанында филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Темірболат Алуа Берікбайқызының жетекшілігімен «Әдебиеттану» мамандығының 1 курс докторанты Алмасханқызы Арайлым «Әдебиеттану» мамандығының 3 курс студенттеріне «Көркем шығармалардағы хронотоп категориясы» тақырыбында ашық дәріс және ашық семинар өткізді. Дәріс пен семинар ТДМ 4-бағыты – «Сапалы білім беру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ашық дәріс пен семинар сабақтарына педагог пен психолог, кафедра оқытушылары және педагогикалық практика жетекшісі, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.д. Болатова Гүлжан Жамбылқызы қатысты.

Дәрістің негізгі мақсаты – студенттердің көркем шығармалардағы хронотоптың мәнін терең түсінуін қамтамасыз ету, уақыт пен кеңістік категорияларының әдебиеттегі байланысын сараптау. Семинар барысында хронотоптың көркем шығармаларда қалай қалыптасатыны, оның жанрларға сәйкес қолданылуы және шығармалардың құрылымы мен мазмұнына қалай әсер ететіні талқыланды. Студенттер осы ұғымды терең меңгеру арқылы әдеби шығармаларды жан-жақты интерпретациялау дағдыларын дамытты.

Ашық дәріс барысында студенттерге теориялық мәліметтер мен нақты әдеби мысалдар келтіріліп, тақырыпты тереңірек түсінуге мүмкіндік берілді. Ал ашық семинарда студенттер «көркем шығармалардағы хронотоптың рөлі» тақырыбында өзара пікір алмасып, талқылауларға қатысты. Семинарда әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданылды. Студенттерге миға шабуыл (brainstorming) әдісі арқылы уақыт пен кеңістік ұғымдарын байланыстыруға бағытталған сұрақтар қойылып, олардың шығармашылық ойлау дағдылары сыналды. Әр топқа өз таңдауларымен шығармалар беріліп, олар осы шығармалардағы хронотоптың ерекшеліктерін көрсетіп, талдаулар жасады.Сөзжұмбақ және интерактивті пікірталас әдістері арқылы әр студент өзінің ой-пікірін ортаға салуға, әрі тыңдаушылармен ой бөлісуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар Padlet онлайн тақтасында жүргізілген кері байланыс студенттердің сұрақтары мен ұсыныстарын нақтылап, семинарды тиімді әрі қызықты етті.

Нәтижесінде, семинар барысында студенттер көркем шығармалардағы хронотоптың рөлін тереңірек түсініп, мәтіндерді талдау және интерпретациялау дағдыларын жетілдірді. Ашық семинар студенттердің сыни ойлау қабілеттерін дамытып, көркем шығармалардағы уақыт пен кеңістік мәселелеріне қатысты жаңа ғылыми көзқарастар қалыптастыруға ықпал етті.