«Абай жырлары және поэтика. Қ.Жұмалиев пен А.Нұрқатов зерттеулері»Farabi University

«Абай жырлары және поэтика. Қ.Жұмалиев пен А.Нұрқатов зерттеулері»

25 ақпан, 2025

2025 жыл, 25 ақпан күні филология факультеті, «Қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы» кафедрасының аға оқытушысы А.Қ. Саргелтаеваның және педагогикалық практика жетекшісі,  аға оқытушы, ф.ғ.д. Г.Ж. Болатованың жетекшілігімен, «Қазақ филологиясы» мамандығының 3-курс студенттеріне «8D02304-Әдебиеттану» мамандығының 1-курс докторанты Г.Утепбергенова тұрақты даму мақсаттары (ТДМ 4) аясында, «Абай және оның әдеби мектебі» пәні бойынша  «Абай жырлары және поэтика. Қ.Жұмалиев пен А.Нұрқатов зерттеулері» тақырыбында ашық дәріс өтті. Сабақтың мақсаты – Абай өлеңдерінің поэтикалық ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан талдау. Қ.Жұмалиев пен А.Нұрқатовтың Абай шығармашылығын зерттеудегі еңбектерін қарастыру. Абай поэзиясының көркемдік тілі мен идеялық мазмұнын ашу. Студенттердің әдеби-теориялық талдау дағдыларын дамыту және олардың сыни ойлау қабілетін жетілдіру.

Дәрісте Қ.Жұмалиев еңбектерінде Абайдың қазақ әдебиетіндегі реализм мен жаңа стильдік бағыттарды қалыптастырушы ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Ал, А.Нұрқатовтың Абайдың өлең құрылысы, ой тереңдігі, адамгершілік пен қоғам мәселелерін көтеруі толық түсіндірілді. Дәріс барысында Абай өлеңдерінің құрылымы, стильдік ерекшеліктері, Қ. Жұмалиев пен А. Нұрқатовтың Абай поэзиясына қатысты ой-пікірлері, Абай поэзиясының қазақ әдебиетіне ықпалын докторант жан-жақты түсіндіре білді. Жаңа дәріс тақырыбының мазмұнын толық ашу және мақсат-міндеттерін, ғылыми ақпаратын студенттерге жеткізуде көрнекі құралдар мен слайд-презентация қолданылды. Докторанттың баяндауымен қатар экранда берілген мәтіндер және түрлі кесте-диаграммаларға салынып, суретті көріністермен ұсынылған дәріс мәтінінің мазмұны студенттердің тақырыпты толық түсінуіне мүмкіндік берді.

Студенттер тақырыпты терең түсіну үшін аналитикалық және сыни ойлау дағдыларын қолданды. Сабақта әдеби талдау арқылы студенттердің эмоционалдық интеллектісі дамыды. Ашық дәріс пікірталас пен сұрақ-жауап форматында өткендіктен, студенттердің өз ойын еркін жеткізуіне, пікір алмасуына қолайлы орта қалыптасты. Бұл олардың қарым-қатынас дағдыларын жетілдіруге ықпал етті. Кейбір студенттер өз пікірін білдіруге қиналған сәттерде, оқытушының қолдаушы көзқарасы мен ашық диалог атмосферасы олардың сенімділігін арттырды.  Студенттер Абай шығармашылығы туралы жаңа білім алып, оның поэзиясының ұлттық әдебиетіміздегі орны мен маңызын терең түсінді.