«19 наурыз – Жаңару күні» эдвайзерлік сағатFarabi University

«19 наурыз – Жаңару күні» эдвайзерлік сағат

19 наурыз, 2025

Бүгін, 19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күн Наурыз мейрамының ажырамас бөлігі ретінде республика бойынша кеңінен атап өтілуде. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын жаңаша тойлау дәстүрі енгізіліп, оған рухани және мәдени тереңдік берілді. Осыған орай, Жаңару күні адам мен табиғаттың үйлесімділігін, кешірім мен татулықты, жаңа бастамаларға дайын болуды дәріптейтін ерекше күнге айналды.

Эдвайзерлік сағат барысында студенттер Жаңару күні мерекесінің маңызы туралы ой бөлісті. Бұл күн тек табиғаттың жаңаруын ғана емес, адамның ішкі дүниесін жаңартуға, өткенді саралап, болашаққа жаңа қадам жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлері, оның ішінде үй тазалау, ренжіскен адамдардың татуласуы, жаңа жоспарлар құру сияқты әдет-ғұрыптардың осы күнмен тығыз байланысты екені талқыланды.

Геодезия және картография мамандығының ерекшелігіне сай, көктемгі күн мен түннің теңелуінің табиғи құбылыс ретіндегі маңызы да сөз болды. Бұл құбылыстың адамзат өміріне, табиғат пен климатқа әсері туралы қызықты деректер келтірілді.

Эдвайзерлік сағат студенттер үшін танымды әрі мазмұнды өтті. Жаңару күні тек мереке ғана емес, әр адамның өзін дамытуына, жаңа мүмкіндіктерге қадам жасауына шабыт беретін маңызды күн екені айтылды. Мұндай кездесулер студенттердің ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына оң әсер етеді.