Жасанды интеллект арқылы мәдени құндылықтарды сақтау жолдарыFarabi University

Жасанды интеллект арқылы мәдени құндылықтарды сақтау жолдары

3 сәуір, 2025

03.04.2025ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қолданбалы қазақ тіл білімі» мамандығының 1-курс магистранттары Смағұлова Жанаргүл мен Даулетияр Гүлзамира мәдениет пен инновацияны тоғыстырған Дөңгелек үстел форматында тәрбие сағатын өткізді. Бұл шара қазақ халқының мәдени құндылықтарын сақтау мен жаңғырту жолдарын жасанды интеллект арқылы зерттеуге арналды.

Аталған тәрбие сағаты А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары ф.ғ.к., доцент Мұхамади Қ.Т. және ф.ғ.к., доцент Өмірбекова Р.Қ. жетекшілігімен ұйымдастырылды. 

Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айқындаған мәдени мұраларды сақтау міндетіне сәйкес ұйымдастырылды. Президенттің төл болмысымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын ұлттық цифрлық мұрағатты жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру және тарихи зерттеулерді жандандыру бағытындағы тапсырмалары негізге алынды.

Тәрбие сағатының басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалана отырып, мәдени мұраларды сақтау тәсілдерін таныстыру және студенттердің инновациялық ойлау қабілеттерін арттыру. Сонымен қатар, шара студенттерге мәдениет пен технологияның үйлесімділігі жайында терең түсінік қалыптастыруды көздеді.

Тәрбие сағатында жасанды интеллекттің мәдениетті қорғаудағы артықшылықтары мен кемшіліктері талқыланды. Студенттер төмендегі сұрақтар төңірегінде пікір алмасты:

1. Жасанды интеллект мәдени құндылықтарды сақтауға қалай көмектесе алады?

2. Жасанды интеллект пен дәстүрлі мәдениет арасында үйлесімділік орнатуға бола ма?

3. Қазақтың ауыз әдебиетін жасанды интеллект арқылы қалай сақтап қалуға болады?

4. Цифрландырудың мәдени мұраны сақтаудағы пайдасы мен ықтимал зияндары қандай?

Қатысушылар жасанды интеллекттің әлеуетін пайдалана отырып, ұлттық мәдени мұраларды сақтаудағы өзекті мәселелерді талдап, тиімді шешімдер ұсынды. Жасанды интеллекттің мәдениетке қосар үлесін оң бағалап, дәстүрлі тәсілдер мен технологияның арасындағы тепе-теңдікті сақтау керектігін атап өтті.

Бұл тәрбие сағаты студенттердің сандық технологиялар мен мәдени құндылықтар арасындағы байланысты терең түсінуге мүмкіндік берді. Шара барысында студенттер өз ойларын ашық білдіріп, идеяларын ортаға салды, мәдениетке деген құрметтерін нығайтты. Ұйымдастырушылар мен жетекшілердің кәсіби қолдауымен бұл іс-шара жоғары деңгейде өтті және қатысушылардың көңілінен шықты.