«Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты ІІ халықаралық симпозиумFarabi University

«Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты ІІ халықаралық симпозиум

4 сәуір, 2025

Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі, профессор Мансурова Мадина Есимхановна 2025 жылдың 2–4 сәуірі аралығында Түркістан қаласында өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты ІІ халықаралық симпозиумға қатысып, қазақ тілін ғылым мен технология салаларында дамытуға қосқан зор үлесі үшін арнайы сертификатпен марапатталды. 

Бұл симпозиум – тіл мен технологияның тоғысқан тұсында тұрған өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ тілінің ғылыми-кәсіби қолданысын кеңейтуге арналған ауқымды алаң болды. Шара барысында терминологиялық бірізділік, ұлттық ұғымдарды жасанды интеллект жүйелеріне енгізу, тіл саясаты мен ғылыми коммуникацияны жетілдіру бағытында өзекті баяндамалар ұсынылды. Профессор Мансурова Мадина Есимхановна осы бағыттағы өз тәжірибесі мен зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, ғылыми қауым тарапынан жоғары баға алды.

Симпозиум жұмысына 200-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Бес секция бойынша өткен отырыстарда тіл, цифрлық технологиялар, терминология және лингвистика салаларындағы жаңа идеялар мен ұсыныстар талқыланды.

Мұндай халықаралық жиындар – ұлттық тілімізді жаңа белестерге көтеріп, оны ғылым тілі ретінде орнықтыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.