ЭжБЖМ-де Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өттіFarabi University

ЭжБЖМ-де Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

9 сәуір, 2025

 

2025 жылғы 8–9 сәуір күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде IV Халықаралық Фараби форумы аясында «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы орнықты экономикалық даму парадигмасы: сын-тегеуріндер, салдарлар, мүмкіндіктер» атты III Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция академиялық және кәсіби қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналып, 15 елден келген 300-ден астам қатысушыны біріктірді. Олардың қатарында ғалымдар, экономистер, мемлекеттік және жеке сектор өкілдері, сондай-ақ жас зерттеушілер болды. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Даулет Төлеутаевич Мукаев, Түркістан қаласының әкімі Азимбек Пазылбекұлы және Падуя университетінің (Италия) профессоры Давид Челетти сөз сөйледі.

Пленарлық мәжілісте АО «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Н.С. Ақшанов, «Lanzhou» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Г.Е. Майгарина, Ювяскюля университеті (Финляндия) Бизнес және экономика мектебінің PhD докторы Айжаз А. Шейх, Knowledge E (БАӘ) компаниясының бас директоры Камран Роберт Кардан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ бағдарламалық қаржыландыру департаментінің директоры Ф.Е. Рашидов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры, Swiss Business School МВА иегері Л.Е. Усенбекова, Малайзия Теренггану университетінің Теңіз зерттеулері факультетінің қауымдастырылған профессоры, CMILT мүшесі Джаган Дживан, РУДН университетінің (Ресей) маркетинг кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор А.В. Лукина және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Экономика» кафедрасының экономика ғылымдарының докторы, профессоры Б.М. Мұхамедиев баяндама жасады.

Конференцияда қазіргі заманғы экономиканың өзекті мәселелері – орнықты даму аясындағы бизнес-технологиялар, қаржылық-есеп жүйесінің цифрлық трансформациясы, тұрақсыз жағдайдағы басқару трендтері, экономиканы дамытудың стратегиялық басымдықтары талқыланды.

Конференцияның екінші күні жеке сектор мен іскерлік орта өкілдері белсенді қатысып, тәжірибелік семинарлар мен воркшоптар ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында Иллинойс университетінің Gies Бизнес колледжі, Қазақстан қор биржасы АҚ, «Элит Аудит» аудиторлық компаниясы ЖШС, KIMEP университетінің Бэнг Бизнес факультеті, MK-Global Logistics ЖШС, Danone ЖШС, «Ivision» даму шеберханасы ЖШС, Study IQ ЖШС, «Price Feed» IT компаниясы, Bugin Holding ЖШС, QBI Analytics ЖШС және Astana Motors корпорациясы болды.

Конференция аясында заманауи білім беру сапасын арттыру және студенттердің практикалық әрі ғылыми әлеуетін дамыту мақсатында маңызды шаралар жүзеге асты. Солардың бірі – Менеджмент кафедрасының бастамасымен “Менеджмент және бизнес-білім беру” орталығының аудиториясы және «Экономика» кафедрасының ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттарына арналған аудиторияның ресми ашылуы болды.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ Басқарма мүшесінің м.а., ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Ибраимов М.К. әріптестік ынтымақтастықты тереңдетудің және экономика мен басқару саласында іргелі ғылыми ізденістерді арттырудың маңыздылығына баса назар аударды, сондай-ақ факультет ұжымын жаңа аудиториялардың ашылуымен құттықтады.

Экономика және бизнес жоғары мектебі ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Қазақстан экономикасының орнықты дамуы мәселелерін талқылауға және кәсіби мамандар мен мүдделі тараптар арасында тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.

Конференцияның қорытындысы ретінде экономика және бизнес жоғары мектебі "Bugin Holding Corp" ЖШС кәсіпорынның Басқарушы директоры  Қуатбаев Айбек Нурланұлымен және Influencers.kz әлеуметтік-білім беру жобасының негізін қалаушы/CEO, бизнес сарапшы Күзембаев Максат Маратұлымен меморандум жасалынды.