ҚазҰУ-да Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара өттіFarabi University

ҚазҰУ-да Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара өтті

7 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ерекше көңіл күймен өткен салтанатты жиын Farabi HUB инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында өтті.

Мерекелік шараны ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, университеттің дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандылардың қоғамдағы, ғылым мен білім салаларындағы орнын ерекше атап өтті.

«Бүгінде әйелдер өндірісте, спортта, ғылымда, денсаулық сақтау және көптеген тағы басқа салаларда еңбек етіп, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен еңбекке деген құрмет рухында тәрбиелеп отыр.

Биыл Элеонора Сүлейменова, Ғалия Жүсіпова, Шолпан Асқарова, Гүлсім Сүлейменова сынды университетіміздің бірқатар көрнекті әйел-ғалымдары өздерінің 80 жасқа толған мерейтойларын атап өтуде. Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын қара шаңырақ ҚазҰУ-мен байланыстырған әйел-ғалымдарымыз үлкен мектеп қалыптастырып, ізбасар шәкірттерін тәрбиелеп келеді.

ҚазҰУ қызметкерлерінің 68,42 пайызы (3522) – әйелдер қауымы. Осының 36,3 пайызы (1279), яғни тең жартысы ғылыммен айналысады.

Әйелдер қауымы – жылылық, сүйіспеншілік пен әлемдегі үйлесімділіктің қайнар көзі. Әр күндеріңіз қуанышқа, шаттық пен жақсылыққа толы болсын!» – деп ізгі тілегін білдірді ректор.

Салтанатты жиын барысында университет дамуына және ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар әйел-оқытушылар, ғалымдар мен қызметкер азаматшалар Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.

Атап айтқанда, Механика-математика факультетінің коменданты Мырзалиева Аманкүл Жолтерековна Ректор Жансейіт Түймебаевтан Алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ, ҚазҰУ-нің өркендеуі мен дамуына қосқан зор үлесі және ғылым мен жоғары білім саласына сіңірген ерен еңбегі үшін техникалық персонал мүшесі Көжекеева Ақмарал Қабылбековна ректор қолынан "FARABI" алтын медалін иеленді.

Шара соңында нәзік жандыларға гүл шоқтары тарту етіліп, ұжымдағы ер-азаматтардың дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Бұл мерекелік күн ҚазҰУ ұжымындағы барлық әйелдер қауымына шаттық пен ерекше әсер сыйлады.

Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты. ТДМ 5: Гендерлік теңдік аясында университет әйелдердің қоғамдағы, ғылым мен білімдегі рөлін атап өтіп, олардың еңбегін бағалауға бағытталған шаралар қабылдады. ТДМ 8: Лайықты жұмыс және экономикалық өсу мақсатында әртүрлі салаларда еңбек етіп жүрген әйелдердің кәсіби жетістіктері құрметтеліп, олардың қызметі университеттің өркендеуі мен дамуына қосқан үлесін дәлелдеді. Сонымен қатар, ТДМ 10: Теңсіздікті азайту арқылы әйелдердің тең мүмкіндіктерге ие болып, әлеуметтік және кәсіби салада теңсіздік деңгейін төмендетуге күш салынды.