ҚазҰУ-да академик Өмірбек Жолдасбековті еске алу шарасы өттіFarabi University

ҚазҰУ-да академик Өмірбек Жолдасбековті еске алу шарасы өтті

1 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, академик Өмірбек Жолдасбековтің құрметіне арналған еске алу шарасы өтті. Университет қалашығында орнатылған академик ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ғалымның рухына тағзым етілді.

Іс-шараға Өмірбек Арысланұлының ұрпақтары мен замандастары, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттері қатысты. Жиналғандар ғалымның отандық ғылым мен білім саласына қосқан елеулі үлесін еске алып, тағылымды естеліктерімен бөлісті.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары Еркін Дүйсенов өз сөзінде:
«Еліміздің ардақты тұлғасы Өмірбек Арысланұлы саналы ғұмырын білім мен ғылымды дамытуға арнады. Қайраткер ғалым 1970-86 жылдары университет ректоры қызметін атқарып, оқу ордасының дамуына зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен университет қалашығының іргесі қаланып, жаңа зертханалар, кафедралар мен ғылыми орталықтар ашылды. Академиктің ғылыми жаңалықтары тек елімізде ғана емес, халықаралық ғылыми ортада да кеңінен танылды. Ол өзінің қажырлы еңбегімен көптеген механик-ғалымдарды тәрбиелеп шығарды», – деп атап өтті.

Шара барысында қатысушылар академиктің инженерлік ғылым мен жоғары білім жүйесін дамытудағы рөліне тоқталып, оның шәкірттері бүгінде еліміздің түрлі саласында табысты еңбек етіп жүргенін ерекше атап өтті.

Еске алу рәсімі ғалымның мол мұрасын ұлықтап, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Өмірбек Жолдасбековтің жетекшілігімен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жаңа зертханалар мен ғылыми орталықтар құрылып, білім мен ғылым саласындағы сапалы білімді дамытуға үлкен үлес қосылды, бұл ТДМ 4: Сапалы білім мақсатына сәйкес келеді. Ғалымның ғылыми жаңалықтары мен зерттеулері оқу орнында инновациялық әдістерді енгізуге, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, академик Өмірбек Жолдасбековтің зерттеулері мен ғылыми еңбектері елдегі индустриализация мен инновацияны дамытуға ықпал етіп, ТДМ 9: Индустриализация және инновация мақсатының іске асуына жол ашты. Осылайша, оның ғылыми мұрасы тек білім саласына ғана емес, экономика мен өндіріс саласына да маңызды өзгерістер әкелді