Археогенетика бойынша тәжірибе алмасуFarabi University

Археогенетика бойынша тәжірибе алмасу

17 сәуір, 2025

Фараби ғылыми кітапханасында Археология, этнология және музеология кафедрасының ұйымдастыруымен «Өткенге археогенетикалық саяхат» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Ғылыми іс-шара археологиялық деректер негізінде ежелгі адам ДНҚ-сын зерттеуге арналды. Жиынға тарих факультетінің ұжымы, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Генетика және физиология институтының ғалымдары, докторанттар және білім алушы жастар қатысты. Сондай-ақ аталған дөңгелек үстелге Макс Планк қоғамдастығы Эволюциялық антропология институтынан (Лейпциг, Германия) Маттиас Майер, Джанет Кельсо және Елена Мария Эсель сынды әлемге танымал ғалымдар арнайы қатысты.

Тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақов қонақтарды факультет ғалымдарының атқарған ғылыми жұмыстарымен таныстырды.

Ғылыми іс-шара аясында археологияның өзекті тақырыптары бойынша баяндамалар тыңдалды. ҚазҰУ жанындағы «MIL ZooStan» Орталық Азияны зерттеу халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Уилл Ренду археозоологиялық материалдарды зерттеу жоспары туралы баяндады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология және антропология институтының ғылыми қызметкері С.Шнайдер «Анықтауда қиындық тудыратын материалды коллаген «саусақ ізі» арқылы айғақтау» тақырыбында баяндама жасады.

Шетелдік ғалымдар Маттиас Майердің «Сүйектер мен тістерден тыс – ежелгі адам ДНҚ-ның баламалы көзі ретінде шөгінділерді зерттеу», Джанет Кельсоның «Алтайдың Денисов адамдары: жоғары сапалы геном негізінде алынған жаңа деректер» және Елена Эссельдің «Уақытпен қозғау: палеолит дәуіріндегі алқадан алынған ежелгі адам ДНҚ» баяндамалары тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Шара аясында қатысушылар көне ДНҚ-ны зерттеу, оның адамзаттың қоныстануы және көне тарихты қалпына келтірудегі маңызы туралы сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ жиын барысында университет археологтары мен Макс Планк қоғамдастығы Эволюциялық антропология институты арасындағы екіжақты ынтымақтастық талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі