Пан Ги Муннан алғыс алған фотограф
Қарапайым ғана ауыл топырағында дүниеге келген Маратқа қана емес, бүтін ауыл үшін ол кезде фотография таңсық еді. Оның бұл салаға келуі де тосыннан басталған.
Алтыншы сыныпта оқитын Марат Кеңесұлы сыныбымен бірге ауылға айына бір рет аудан орталығынан ат басын бұратын фотографқа суретке түседі. Арада екі-үш апта өткеннен кейін фотографтың суреті дайын болады. Жанталаса жүгірген оқушылар жапатармағай таласып суреттерін алысады. Марат та солардың қатарында еді. Бірақ, ішіндегі ең нашар сурет те Марат Кеңесұлының кескіні еді. Өзінен-өзі қатты ұялғаннан ол балалықпен суретті көпшілікке көрсетпей, үйіне тығып қояды, тастайын десе, бағалы дүние екенін сезеді.
Әр күн сайын суретке деген назын білдіріп, күбірлеп жүрген шақтары әлі есінде. Осы кемшіліктердің орнын толықтырып, сауатты суретке түсіру мақсатында әкесінің қаржысымен 1976 жылы алғаш рет фотоаппарат сатып алады. Тілін түсіне бермейтін мектеп оқушысы өзінен озық, техникаға үйір достарынан бұл ғажайыптың сырын ұғынады. Ең бастысы, өзіне ұнайтын кадр түсіру ендігі оның негізгі мақсатына айналады. Балалық арманмен фотографияға осылай тосыннан келген ағамыз бертін келе шынайы фотография әлеміне қадам басып, сан салалы тақырыпқа фоторепортаж жасаумен айналысты.
Әскерге шақырылып, Отан алдындағы абыройлы борышын да ол сәтті орындап шығады. Тағдырдың бұйрығы ма, әскер саласында жүріп те осы саламен шұғылданады. Өте озық әскери фотообьективпен жабдықталған барлау құрылғысы түсірілімінің тізгінін ұстаған Марат Кеңесұлы сан түрлі жауапты міндеттерді тиянақты атқарады. Әр түсірген кадры аса құнды болды. Алыстағы жаудың ұшағынан бастап, кемесіне дейін озық құралмен суретке түсіріп, тиісті атқарушы билікке жеткізіп отырған ол «әсердің фотоқыраны» атанды.
Дегенмен, ағамыз кәсіби фотожурналистикаға 1991 жылдан бастап кіріскенін айтады. «Зениттен» бастап сандық фотоаппараттың сан түрімен жұмыс жасайды. Оның фоторепортаждағы дүниелері облыстық, республикалық басылым беттерінде жиі жарық көріп тұрған. Фотографтың ең сәтті түсірілген репортаждарының бірі – өткен жылы Астана қаласында орын алған ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға ҚазҰУ-дың құрметті профессоры дәрежесін ұсынған сәті еді. Марат Кеңесұлы дәл осы репортажды түсіруге жолдама алған күннен бастап, бір ай өзін-өзі дайындап, жетілдірген. Нәтижесінде, барлық суреттері композициялық жағынан өте сәтті әрі дұрыс жүзеге асты. Міне, сол еңбегі үлкен марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің атынан 2015 жылы бірлесіп жасаған еңбегі үшін ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Арслан Дандыбаевтан арнайы алғыс хат алады. Алғыс хатта Марат Кеңесұлына министрлік тарапынан үлкен ризашылық білдірген және толағай табыс тілеген.
Сондай-ақ Марат Кеңесұлы БҰҰ Бас хатшысын түсірген фотосуреттерін үлкен фотоальбом етіп, жарыққа шығарады. АҚШ-қа БҰҰ кеңесіне арнайы шақырылған университетіміздің Бірінші проректоры М. Бүркітбаев мырза оның жасаған сыйын Бас кеңседе арнайы табыстайды. Бұл сыйлықты ерекше қуанышпен қабыл алған Пан Ги Мун мырза: «Бұл мен үшін Қазақстан сапарынан үлкен естелік болды», – деп ыстық ықыласын білдіріпті.