Академиялық ұтқырлық аясындағы тәжірибе алмасу

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында оқытушы-профессорлық құрамының академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүйелі жұмыстар атқаруда. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2025 жылдың 14-21 сәуірі аралығында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, ф.ғ.к. Қамарова Нағбду Сұлтансихқызы арнайы іссапармен келді. Тәжірибелі ұстаз Нағбду Сұлтансихқызы «6В02306 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасының 2-3 курс студенттеріне «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» мен «Жазушы шеберлігі» пәндері бойынша терең мазмұнды дәрістер мен практикалық семинарлар өткізді. Студенттер заманауи әдебиеттанудың өзекті мәселелерімен, жазушы шығармашылығының көркемдік қырларымен танысып, ғылыми бағыттағы тың ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар ҚазҰУ-дың «Жол картасы – 2025 стратегиялық даму» бағдарламасы аясында Қамарова Нағбду Сұлтансихқызы филология факультетінің оқытушылары мен жас ғалымдарына арнайы «Ғылыми мақалаларды жазудағы академиялық ұстанымдар» тақырыбында семинар-тренинг жүргізді. Бұл кездесу жас ғалымдар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып, ғылыми мәдениетті дамытуға, академиялық адалдық ұстанымдарын терең меңгеруге зор ықпал етті. Академиялық ұтқырлық аясында өткізілетін осындай игі бастамалар отандық білім мен ғылымның өзара ықпалдастығын арттырып, оқу үдерісінің сапасын көтеруге негіз болатын, басты қадамдардың бірі екені сөзсіз.
Басқа жаңалықтар


