Тұтастық пен жаңғырту – тұрақтылық мұраты
Тәуелсіз елімізде қол жеткізген жетістіктеріміз қоғам мен билік арасындағы берік байланыс пен азаматтық қоғам институттарының өзара әріптестік қызметі арқасында табысты іске асты. Елбасы әрқашанда алдымен экономика, кейін саясат екендігін үнемі айтып келеді. Бұл ұстаным бүгінгі геосаяси және геоэкономикалық мүдделер қақтығысы және әлемдік қаржылық дағдарыс жайлаған алмағайып заманда бірден-бір дұрыс шешім екендігін уақыт көрсетіп отыр. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласы әлемдік экономикалық, саяси ахуалдың күрделі жағдайында Мәңгілік Елдің асқақ асыл арманы мен айқын мұратын шыңдай түсіп, дүниежүзілік қоғамдастықта еліміздің мерейін үстем ететін тұғырнама.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев партияның XVI съезінде сөйлеген сөзінде Мәңгілік Ел үшін қажетті бес реформа туралы айта келіп, «Бес институттық реформа» ел дамуы үшін маңызды бес қадам екендігін атап өткен болатын. Мәңгілік Ел мұратына жетуге апаратын бес қадам елдің тұрақты дамып, сын-қатерлерді бірлесе еңсеруін айқындайды. Бес инстиуттық реформаның мақсаты – елімізді әлемнің өркендеген 30 мемлекетінің қатарына енгізу. 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Ұлт Жоспары – еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік, рухани кемелденуінің іргетасы. Бұл еліміздің өркениеттік және жалпыадамзаттық құндылықтарға құрметпен қарайтындығын дәлелдейді. Саяси мәдениет бұл қоғамдағы түрлі әлеуметтік, саяси, діни топтардың өзара келісімде және өзара түсіністікте өмір сүріп бірлесе әрекет етуін білдіреді. Әлемнің кейбір елдерінде орын алған саяси текетірестер мен дінаралық және ұлтаралық кикілжіңдер бұл қоғамдағы азаматтық институттардың жетімсіздігінен туындап отырғаны жасырын емес. Саяси шешімдер алауыздықтың емес, қоғамдық келісім мұратына қызмет етуі тиіс. Әлемнің кейбір елдерінде орын алған саяси текетірестер мен дінаралық және ұлтаралық кикілжіңдер бұл қоғамдағы азаматтық институттардың жетімсіздігінен туындап отырғаны жасырын емес. Елбасының жарлығымен құрылған қоғамдық кеңестер қоғамның өзін-өзі реттеуі мен жергілікті өзін басқару механизмін дамыту арқылы адам әлеуетін арттырып, азаматтардың саяси мәдениеті мен шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Мемлекет пен қоғамның гүлденуіне және өркениеттік жолмен дамуына негіз болатын ел ішіндегі тұрақтылық, дінаралық келісім және ұлтаралық сыйластық қағидаттары – еліміздің сара саясатының жемісі.
Мәңгілік Елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық жаңғыруы мен рухани түлеуі инновациялық индустрияландыру, заманауи ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру, мемлекетті кәсібилендіру, құқықтық санаға негізделген тәртіп пен заңдылық қағидатын орнату, үнемді энергия көздерін қолдану мен экономиканың өңдеуші секторын ұлғайта отырып, сыртқы инвестициялардың жаңа көздерін ұтымды тарту және еңбек қатынастарының жаңа түрін еңгізу арқасында жүзеге аспақ. Қазақстандық ортақ арманды іске асыру жолында баршамыз азаматтық белсенділігімізді танытып жұмыла еңбек етуіміз қажет. Бұл реформалар мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын жаңғыртуға бағытталғандықтан еліміздің жарқын болашағы – жастарды Мәңгілік Ел идеясы құндылықтары негізінде тәрбиелеу және білім беру қазақстандық арманың іске асуының кілті деп білеміз .
Бағдат БЕЙСЕНОВ,
философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті.