
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» тақырыбындағы халықаралық форум өтті.
Қатысушылар отандық туризм секторын цифрлық трансформациялау, сондай-ақ осы саладағы мемлекет пен бизнестің рөлін арттыру және туристік қызметтерді жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтып, ойларымен бөлісті. Сонымен қатар туризм саласын одан әрі дамытуда жасанды интеллект пен Big Data-ны пайдалану мәселесі де талқыланды.
Ауқымды іс-шараны «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, «Pana Asia» компаниялар тобы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.
Форум жұмысына ҚР туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы, «Pana Asia» компаниялар тобының бас директоры Сәуле Жаңабаева, компания мен холдинг басшылары, Ресей, Өзбекстан және өзге де мемлекеттерден келген сарапшылар қатысты.
Жиынды ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, бүгінде туризм тек экономика саласына ғана емес, сонымен қатар қоғамның цифрлық трансформациясының маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Алдымызда Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде таныту мақсаты тұр. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек», – деп атап өткен болатын. Бүкіл әлемде виртуалды турлар, мобильді қосымшалар, цифрлық навигаторлар белсенді қолданылуда. Бұл өз кезегінде мемлекеттің көрікті жерлерін көрсетіп қана қоймай, тарихы мен мәдениеті туралы толық ақпарат алуға жәрдемдеседі. Осы тұрғыда ҚазҰУ ғалымдары туристерге қажетті «Tourismkaz» мобильді қосымшасын әзірлеп шығарды. Қолданушылар ұялы телефонды пайдалана отырып, 3D турлар арқылы Қазақстанның әсем жерлерін көріп, өзіне қажетті қызметті ала алады. Сондай-ақ университет тарапы алдағы уақытта да туризм секторын дамыту мақсатында білікті және кәсіби мамандарды даярлау ісін табысты жалғастыра береді», – деді ректор.
Өз кезегінде ҚР туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев туризм саласындағы көптеген ресурстар мен сервистерді біріктіретін «TravelStan» мобильдік қосымшасы жыл соңына дейін іске қосылатынын айтты. Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектіге негізделген көмекші. Туристерге қонақүйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады.
«Туризмді цифрландыру мәселесі Үкіметтің ерекше назарында. Елімізге келетін туристің әрбір қадамы белгілі бір цифрлық ресурспен байланысты. Ақпарат алу, виза рәсімдеу, әуе билеттерін сатып алу, қонақүйді брондау секілді әр нәрсенің өзіндік цифрлық шешімі бар. Әлі де шешілмеген мәселелер бар. Бүгінгі іс-шарада түйінін таппаған түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз», – деді Ержан Еркінбаев.
Форум аясында сұрақ-жауап форматындағы интерактивті сессиялар, туризмге арналған жаңа цифрлық платформаның тұсаукесері, мастер-кластар мен воркшоптар, панельдік талқылаулар, сондай-ақ стартап жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Шара соңында отандық туризмді дамытуға бағытталған және перспективалы цифрлық шешімдерді ұсынған стартап жобалардың иегерлері марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


