Мақсатымыз "Мәңгілік ел"

8 ақпан, 2016

Ақпан айының 4-жұлдызында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде студенттер мен ұстаздарға арнап «Қуатты Қазақстан» қорының президенті, саясаттанушы Мұхит Асанұлы Әуелбай "Мәңгілік Ел - жаңа форматтағы алтын ғасыр ойлау жүйесі" атты дәріс оқыды. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел идеясы» бағдарламасын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған дәріске Мұхит Асанұлының «Қуатты Қазақстан – Ұлттық идея» атты авторлық доктринасы арқау болды.

ҚР Президентінің 2015 жылы халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауы арқылы Мәңгілік ел болудың әрі ұранын, әрі үндеуін, әрі бағытын, әрі мақсатын, әрі межесін айқындап берді. Мәңгілік ел – барша қазақстандықтардың көздегені, кешегі ата-бабаларымыздың аңсаған арманының нышаны іспеттес. Қолыңнан отырғызған жас шыбығың көз талдыра қарайтындай биік әрі алып бәйтерекке айналу үшін, әр тұстан соққан кез келген дауылға қарсы тұратындай күшті болуы үшін ең алдымен тереңге жайылған мықты тамыры болуы шарт. Ол бәйтеректің әрбір бүршігінің атуына қазақстандықтардың әр қайсысы үлес қосуға міндетті. Мінеки, осы барша қазақстандықтардың мақсат-мұраты мен арман-тілегіне айналып келе жатқан Мәңгілік ел идеясына қол жеткізу тұрғысында көптеген іс-шаралар жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Мұхит Асанұлының «Қуатты Қазақстан – Ұлттық идея» доктринасы осы жоспарға енген істердің бірі. Шара барысында дәріскер тыңдаушыларға «Ұлттық идея» деген не? Зияткерлі ұлт деген қандай? Адам деген кім? Өмір мәні неде? Тәрбие, діл, рух, жан, бақыт деген не?» сынды жиі айтылса да мағынасына тереңнен үңіле бермейтін көптің көкейінде жүрген сұрақтарға толықтай жауап берді. Автор әлемдік ғылымда осы күнге дейін шешімі табылмай келген зияткерлі ұлт қалыптастыру тетігі –адам санасының логикалық жұмыс жүйесінің пирамидалық құрылымының голограммасы мен адам жанының психо-эмоционалдық құрылымына кеңінен түсініктеме беріп өтті.

М.А.Әуелбай: «Біз зияткерлі ұлт болуымыз қажет. Зияткерлі ұлт дегеніміз – білімді әрі тәрбиелі халық. Біздің міндетіміз – бүгінгі ұрпақтарымызға алдымен тәрбиені ұғындыру. Одан кейінгі мақсатымыз – өмір– жан жетілу үшін берілген сынақ екенін түсініп, ақ пен қараны ажыратып, өмірге ақыл көзімен қарай білу арқылы, кез - келген жүйенің құрылымын дұрыс ұғынып, ізгі - оң шешім қабылдай алатын, санасы ашық, даналықты меңгерген ұрпақ тәрбиелеу» деп жастарды алдымен тәрбиелі, одан кейін асқан білімді болуға шақырды. Бәсекелестіктің бағасы – білімде. Ілім үйреніп, ғылымды зерттеуде ерекше ізденімпаздық танытқан кез келген тұлға қандай сында да бас бәйгені бермесі анық.

Аталмыш шара одан әрі адам ой санасының құрылымын бейнелеген голограммалық пирамиданың қыр-сырын түсіндірумен жалғасты. Осы тұрғыда дәріскер: «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру механизмі – тіл мен ділімізге, дәстүрлі рухани заңдылықтарға, заман талабына сай, ғылыми көзқараспен қарап, адам ой-санасының пирамидалық құрылымының голограммасын, күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу арқылы іске асады» - деп өз ойын ашық жеткізді. Бір жарым сағатқа созылған «Мәңгілік Ел» идеясын өзек еткен дәріс – тыңдаушы оқытушылар мен студенттер тарапынан жоғары бағаланып, қатысушылардан айрықша алғыс алды. Сондай-ақ, жиын соңында Мұхит Aсанұлы «Қуатты Қазақстан» қорының жетекшілігімен ұйымдастырылатын «Бір күнде бір жақсылық» атты акциясына қатысуға шақырды.