Жасанды интеллект технологияларына басымдық беріледі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен кезекті Ғылыми кеңесте университетті дамыту және 2024 жылға арналған ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтің нәтижелері талқыланды.
Күн тәртібінің бірінші мәселесі ақпараттық технологиялар факультетінің атауын өзгерту болды. Ақпараттық технологиялар факультеті деканының міндетін атқарушы Олжас Тұрар өз баяндамасында бұл қадамның қажеттілігін негіздеді. Ол факультеттің атауын «Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект» деп өзгерту білім беру бағдарламаларын өзектендіру және мемлекеттік саясатқа, еңбек нарығының заманауи талаптарына сай болу мақсатымен байланысты екенін атап өтті.
Кеңес мүшелері ұсынылған өзгерістерді талқылап, өз пікірлерін білдірді. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жаңа атауға ие болған факультетке үлкен үміт артылып отырғанын және бакалавриат, магистратура, докторантура үшін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Декан Олжас Тұрар сондай-ақ білім берудің үш деңгейінде жаңа Жасанды интеллект кафедрасын ашуды ұсынды.
Ғылыми кеңес отырысында Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов, Технологияларды коммерциализациялау және креативті салалар орталығының директоры Алмас Гаухар 2024 жылға арналған ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің нәтижелері туралы баяндама жасады.
Аталған баяндамаларда ғылыми зерттеулерді қаржыландыру туралы мәліметтер ұсынылды. Бүгінгі нақты көрсеткіш 13 144,8 млн теңгені құрады. Қазіргі кезеңде университетте 368 жоба жүзеге асырылуда. Заңды тұлғалармен 31 келісімшарт және мемлекеттік мекемелермен 8 келісімшарт жасалуда. 123 жоба сараптамада, ал 19 жоба тексеруден өтуде. Әртүрлі факультеттер мен ғылыми зертханаларда жүзеге асырылатын басқа перспективалық жобалардың қаржылық көрсеткіштері де жарияланды. Сонымен қатар коммерциализация және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар бойынша жетістіктер айтылды.
2022 жылмен салыстырғанда 2024 жылы жаңа жабдықтарға қаржыландыру екі есе артты, университет тарапынан жұмсалған сома 10 млрд теңгеден асты. Осы орайда, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев әлемдік ғылымның жаңа талаптарына байланысты ғалымдарға ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және коммерциализациялау мақсатында жұмыс талаптары мен әдістерін қайта қарап, бұл арқылы университет нақты және сапалы нәтижелерге қол жеткізуі керектігін баса айтты.
Баяндамашылар университет халықаралық кеңістікте бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылыми жобаларға белсенді қатысып, әртүрлі ұйымдармен ынтымақтастықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, инновациялық шешімдерді енгізуді жалғастыра беретінін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


