Жас көшбасшылар тұрақты даму жолдарын талқылауда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы – 2025» халықаралық жастар конференциясы өтуде.
Конференция жас көшбасшыларға жаһандық диалог пен дипломатиялық және халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету бойынша пікір алмасу мен шешімдер әзірлеуге және байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік береді.
Ауқымды шара БҰҰ-ның Алматыдағы Ақпараттық бюросының және Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға Орталық Азия мен Қытай елдерінен 200-ге жуық студент жастар қатысуда.
Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Марғұлан Ибраимов ашты. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастардың бойында білім мен көшбасшылық қасиеттерді дамытудың зияткерлік орталығы болуға ұмтылады. Біз студенттер мен зерттеушілердің тұрақты дамуға, бейбітшілікті нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған халықаралық бастамаларға белсенді қатысатынын мақтан тұтамыз. ҚазҰУ Властимил Самек мырзаның басшылығымен Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының қолдауына ие бола отырып, Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) дәйекті түрде іске асыруда», – деді Марғұлан Ибраимов.
Өз кезегінде ҚХР-дың Алматы қаласындағы бас консулы Цзян Вэй сөз алып, шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады. «Біз биыл БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толуын және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл іс-шара БҰҰ-ның соғыстан кейінгі әлемдік тәртіпті сақтаудағы тарихи рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сондай-ақ жаһандық басқару мәселелері бойынша пікір алмасу және «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру үшін платформа жасалады. Осылайша жастардың адамзат дамуы мен әлемнің болашағына қосқан үлесі көрсетіледі», – деді консул.
Сонымен қатар конференцияның ашылу салтанатында Сиань шет тілдер университетінің президенті У Яоу, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің кеңесшісі Әсел Оралбаева, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы консулы Абдумажид Дүсімов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық бюросының басшысы, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек және басқалар сөз сөйледі.
Конференция секциялық отырыстарға жалғасып, онда киберсоғыс, цифрлық дәуірдегі ұлттық егемендікті қорғау, көші-қон ағындарын басқарудағы жасанды интеллектінің рөлі, әйелдердің репродуктивті құқықтары туралы хабардарлықты арттыру құралы ретінде білім беру және басқа да өзекті мәселелер мен тұрақты даму жолдары талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

