Американдық студенттер Қазақстан университеттерін таңдайды

10 ақпан, 2016

Бүгінде әлем бойынша білім – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі факторы ретінде қарастырылады. Қазақстанда да Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЕЭЫДҰ) елдерінің стандарттары негізінде білім беру жүйесін жаңғырту арқылы адами капиталдың сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар белсенді жүргізілуде. Жыл сайын Қазақстанға оқуға, ғылыми тағылымдама мен озық үлгідегі дәрістерді тыңдауға келетін шетелдік студенттер мен профессорлар саны артып келеді.

Осылайша, американдық студенттер биыл екінші жыл қатарынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдап, осында білім алғанды құп көрді. Орыс тілінен емтихан тапсырып конкурстық іріктеуден өткен АҚШ-тың 26 үздік студенті Қазақстанда білім алуға жолдама алды. 2014 жылы тамызда қол қойылған ҚазҰУ мен Халықаралық білім бойынша Американдық кеңес (ACCELS, АҚШ) арасындағы ынтымақтастық туралы екі жақты келісім Америкалық жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. «Флагман» – АҚШ-тың мемлекеттік білім беру жобасы бойынша шетелдік студенттердің орыс тілін меңгеру дәрежесі (С1) сертификаттау деңгейінде болуы тиіс. Бағдарлама орыс мәдениетаралық диалог бойынша оқытудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Студенттер тілді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде оқиды.

«Флагман» бағдарламасы бойынша оқу жақсы нәтиже көрсетті: өткен оқу жылында 23 студенттің екеуі мемлекеттік жоғары IV деңгейдегі сертификат алса, 19 адам III деңгейдегі сертификаттарға ие болды. Сертификат нейробиолог, қаржыгер, экономист, психолог, саясаттанушы, архитектор, әлеуметтанушы, лингвист, биоинженер, физик, дипломат және аудармашыларға жұмысқа тұрарда айтарлықтай артықшылық береді.

«Жыл сайын университет бізге тартымдырақ болып келеді, біздің елімізде ҚазҰУ мықты оқытушы-профессорлық құрамымен және дәстүрімен танымал беделді оқу және зерттеу орталығы ретінде белгілі және жоғары бағаланады. Қазақстан достыққа ашық ел және біз оны өте жоғары бағалаймыз», - деді Лос-Анджелес, Калифорния университетінің студенті Кларисса Родригез.

Оның пікірін Американың білім және ғылыми зерттеулер орталығының «Language Flagship» сыртқы ұзақ мерзімді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Висконсин университетінен, Портленд және Брин-Мор колледжінен ҚазҰУ-ға екінші жыл қатарынан келіп отырған студенттер де қолдап отыр.

Шет елдік студенттердің мәдени өмірінің бағдарламасы қанық әрі қызықты. Олар үнемі Қазақстанның тарихи және мәдени орындарына, театрлар мен мұражайларға, көрмелерге барып тұрады. Атап айтқанда, студенттер АЛЖИР-ге, Түркістан мен Тамғалыға саяхаттап қайтты.

Студент Хьюэл әлеуметтік лингвистика пәнінен алған әсерлерімен бөлісті: «Мен қазақтардың күнделікті өміріне таңданамын, мұнда мен өз білімімді тек орыс мәдениетімен ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениетімен де толықтырдым. Маған Қазақстандағы білім беру жүйесінің артықшылықтары туралы көп ақпар берген арнайы курс өте қатты ұнады. Университет бізге толық ақпарат ұсынып отыр, ол мені әрі қарай дамуға ынталандырады».

Жоғары сертификат иегерлерінің бірі Кейглер Манн: «Мен Қазақстанда білім алып жатқандығыма өте қуаныштымын. Орыс тілін меңгеру барысындағы бес жылдың ішінде осы оқу жылы мен осында алған тәжірибе ең өнімді кезең болды». Оның ойымен өзінің курстастары да келіседі: «Мен Қазақстанда орыс тілін өте жақсы деңгейде меңгердім, мұндай көрсеткішке Қазақстанға келмесем, қол жеткізбес едім. Университет шын мәнінде жақсы білім береді. Университетті таңдау барысында мен рейтингтік агенттіктердің нәтижесіне жүгіндім. ҚазҰУ ғылыми-технологиялық және инновациялық әлеует жағынан жоғары оқу орындары арасында көшбасшы. Және маған біздің кампус ұнайды», – деді Даниэль Хигучи.

Шетелдіктердің Еуропа университеттеріне қарағанда Қазақстан университеттерін таңдауы еліміздің және ұлттық жоғары білім беру жүйесінің танымалдылығының көрсеткіші. Осы орайда Еліміздің Президенті, ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың ықпал ететіні де анық.

Қазақстан жоғары оқу орындарында кәсіби дамудың тұрақты деңгейін көтеру, озық технологияларды енгізу және білім беру бағдарламаларын табысты аккредиттеу, белсенді академиялық ұтқырлық шетелдіктердің қызығушылығын арттырғандығын атап өткен жөн.

ҚазҰУ, Баспасөз қызметі