«Медиа және педагогика: замануи білім берудің интеграциялық моделі» атты республикалық семинарFarabi University

«Медиа және педагогика: замануи білім берудің интеграциялық моделі» атты республикалық семинар

30 сәуір, 2025

ТДМ 4 «Сапалы білім» аясында 2025 жылғы 30 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстанның педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиевтің 55 жылдығына арналған «Медиа және педагогика: заманауи білім берудің интеграциялық моделі» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Аталған іс-шараға қазақстандық жоғары оқу орындарының танымал ғалымдары мен оқытушылары, БАҚ өкілдері мен қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Семинардың модераторлары журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбайұлы және филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы болды.

Семинарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры, PhD Қуаныш Талғатұлы Тастамбек ашты. Ол Б.С. Иманғалиевтің отандық әдебиеттану мен журналистиканың дамуына қосқан үлесін атап өтті. Семинар қатысушыларына Б. Бейшеналиев атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің ректоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Тумонбай Рахманұлы Колдошов құттықтау сөз сөйледі. Ол Бауыржан Сәбитұлын мерейтойымен құттықтап, жүргеновтану ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы рөліне баға берді.

Семинарда филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Баян Өмірбекқызы Жолдасбекова, тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Сүлейменұлы Байғұнақов, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Берікбайқызы Темірболат, филология ғылымдарының кандидаты Самалбай Дәрібайұлы баяндама жасады. Баяндамаларында қазіргі гуманитарлық ғылымның даму тенденциялары туралы айтылды. Ғалымдар Б.С. Иманғалиевтің ғылыми еңбегіне баға беріп, оның әдебиетанушы, жүргеновтанушы және журналист ретіндегі зерттеулерінің негізгі бағыттарын атап өтті. «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Түркістан Медиа холдингі» ЖШС директоры Тельман Бейсен, «Таңшолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы заманауи БАҚ пен қазіргі көркем шығармашылықтың даму тенденциялары туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара әлеуметтік-гуманитарлық сала ғалымдары мен журналистердің ынтымақтастығының үлгісі. Бұл семинар пәнаралық зерттеулерді дамытуға және факультеттер, университеттер, БАҚ арасындағы серіктестікті нығайтуға серпін береді.