Физика-техникалық факультетінде “IZBASAR” жас мамандарды дамыту бағдарламасы бойынша “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ өкілдерімен кездесу өтті. ТДМ 8 және ТДМ 9.Farabi University

Физика-техникалық факультетінде “IZBASAR” жас мамандарды дамыту бағдарламасы бойынша “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ өкілдерімен кездесу өтті. ТДМ 8 және ТДМ 9.

12 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінде кәсіби бағдар беру және мансаптық жұмыс аясында студенттер “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ өкілдерімен кездесті. Кездесуге компаниядан Сабанов Дамир, Бітімбай Малика және персоналмен жұмыс департаментінің бас сарапшысы Абдихамитова Динара қатысты.

Қонақтар факультет студенттерін 2025–2026 жылдарға арналған IZBASAR жас мамандарды дамыту бағдарламасымен таныстыру мақсатында келді. Бұл бағдарлама – жаңа кәсіби жолын бастаушылар үшін кең мүмкіндіктер ұсынатын бірегей жоба.

IZBASAR бағдарламасы 2020 жылы талантты түлектерді тарту және оларды уран өнеркәсібінде жұмысқа орналастыру мақсатында құрылған. Бағдарламаның басты мақсаты — жетекші салалық сарапшылардың тәлімгерлігімен жас мамандардың кәсіби және тұлғалық құзыреттерін дамыту.

Бағдарлама аясында қатысушыларға:

  • 15 айлық ақылы ротация (тәжірибе),

  • ішкі жаттықтырушылардан оқу,

  • жобалық және өндірістік жұмыстар,

  • түлектермен кездесу және

  • үздік сарапшылардың тәлімгерлігі ұсынылады.

Бағдарлама келесі бағыттарды қамтиды:

  • Уран өндіру және өңдеу

  • Геологиялық барлау

  • Экономика және қаржы

  • Ядролық отын циклі (ЯОЦ)

  • Ғылыми зерттеулер

  • Ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік

  • Экология және қоршаған ортаны қорғау

  • Адами ресурстарды басқару (HR)

IZBASAR бағдарламасы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) толық сәйкес келеді, атап айтқанда:

  • ТДМ 8 – “Лайықты еңбек және экономикалық өсу”, өйткені бағдарлама жас мамандарға табысты мансап бастау үшін нақты мүмкіндік береді;

  • ТДМ 9 – “Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым”, себебі бағдарлама ядролық салада технологиялық құзыреттерді дамытуға бағытталған.

Студенттер бағдарламаға үлкен қызығушылық танытып, іріктеу кезеңдері, қатысу шарттары мен болашақ мансаптық мүмкіндіктер жайлы көптеген сұрақтар қойды. Компания өкілдері онлайн-кейс шешу, тестілеу, сұхбаттар мен финалдық панельдік кезең туралы толық ақпарат берді.

Бұл кездесу университет пен салалық жұмыс берушілер арасындағы тығыз ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып, студенттерге еліміздің жетекші компаниясында жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы нақты түсінік берді.