Қиыр Шығыс кафедрасы Көркем аударма бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыруда

Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы Корея Республикасының Көркем аударма институтының қолдауымен 2025 жылдың наурыз айынан бастап «Шетелдік ЖОО-лар үшін көркем аударма бойынша шеберлік сабағы» атты білім беру жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында корейтану бөлімінің студенттері мен магистранттары Ли Хе Сок жазушының «Қарақұмық гүлдеген кезде» атты танымал шығармасын қазақ тіліне көркем аудару жұмыстарымен айналысуда.
2025 жылдың 14 мамырында осы шеберлік сабақ аясында Корея Республикасының Тэгу университетінің профессоры Пак Гю Джун мырзамен онлайн-кездесу өтті. Профессор дәріс барысында Ли Хе Сок жазушының «Қарақұмық гүлдеген кезде» атты шығармасына көркемдік және мәдени талдау жасап, ғылыми байқауларымен бөлісті. Сондай-ақ әдебиеттанушы маман ретінде шығарманың жазылу контекстін студенттерге түсіндіріп, талдау жасады.
Студенттер шығармадағы көркемдік ерекшеліктер мен оны қазақ тіліне аударудағы қиындықтарға қатысты үлкен қызығушылық танытып, белсенді түрде сұрақтар қойды. Кездесу шығарманы тереңірек түсінуге, тілдік және мәдени құзыреттілікті жетілдіруге, сондай-ақ көркем аударма саласындағы практикалық дағдыларды дамытуға айтарлықтай ықпал етті.
Бұл шеберлік сабақтар Қиыр Шығыс кафедрасының білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіндегі маңызды шаралардың бірі. Әрі Корея мен Қазақстан арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, студенттердің корей әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, Корея Республикасының академиялық қауымдастық өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Жоба барысында жинақталған тәжірибе корейтану мен әдеби аударма саласында жоғары білікті мамандар даярлау барысындағы маңызды қадам болды.
Қиыр Шығыс кафедрасы бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, сондай-ақ корей мәдениеті, әдебиеті мен аудармасына қызығушылық танытқан студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жоспарлап отыр.
Басқа жаңалықтар


