Айқын

12 ақпан, 2016

ҒАСЫРДАН ҒАСЫРҒА ЖЫРЫ ЖЕТКЕН АҚИЫҚ АҚЫН

Айқын: 08.02.2016

Ғасырлар тоғысында әлем мойындаған халқымыздан шыққан ұлы тұлға Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері мен магистрантарының жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап» жобасы аясында ақиық ақынның 85 жылдық мерейтойы құрметіне арналған «Есіңе мені алғайсың...» атты әдеби сазды кеш филология және әлем тілдері факультетінде өтті.

Кешті «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының оқытушылары М.А. Жанабекова, Ш.М. Мақатаева мен А. Алимбаевалардың ұйымдастыруымен «Шетел филологиясы» мамандығының 3-курс студенттері және «Аударма ісі» мамандығының 1-курс магистранттарының, сонымен қатар факультет оқытушыларының қатысуымен ашық іс-шара ретінде болып өтті.

Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Есіңе мені алғайсың...» атты әдеби сазды кешті кафедра оқытушысы «Көкжиек» клубының жетекшісі, ф.ғ.к., доцент Ләйла Жұматайқызы Мусалы ашып, кеш бағдарламасын 3 курс қазақ бөлімінің студенті Бигелдиева Нышанкуль қазақ және орыс тілдерінде жүргізсе, ал орыс бөлімінің студенті Аулетова Адина ағылшын және француз тілдерінде жүргізді. Олар ақынның өмірі мен шығармашылығынан, әдеби бай мұрасынан бірнеше тілдерде құлаш-құлаш естеліктер айтып, бейнебаяндар арқылы айшықтады. Ал ақын бейнесі, ақын шығармашылығы болса күн сәулесіндей тыңдарман көңіліне нұр шашып «Поэзия муниттары» айдарымен жас ақындарымыздың жыр шашу арнауларына ұласты. 3 курс студенті ақынның «Отан» өлеңін Айбек Сандуғаш, «Елім барда» өлеңін Талшын Багланова қазақ тілінде, 1 курс студенті Аружан Бектасова «Юность» өлеңін орыс тілінде, Нурлыбай Балнур «Kazakh land» және 1 курс магистранттары Дана Ақашева «Three happy things» ағылшын тілінде, ал «Ғашықпын» өлеңін «In love» төл аудармасымен Бибіназ Алманова оқыды.

Ермурат Ильчибаев пен Әсем Сайлау «Мұқағали мен Нұрқасым» атты көріністі ақырын қойылған клссикалық әуеннің сүйемелдеуімен «Рас, мен енді өлмеймін..., Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын» деген өлең жолдарын шеберлікпен орындап шықты. Осыдан соң қырық бес жасында дүниеден озған қазақтың ақ теректей жайқалған ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев 1 минут үнсіздікпен еске алынды.

Поэзия кешінің келесі нөмірі бейнебаян тамашалауға арналды. 4 курс студенті Қожан Арайлымның мәнерлеп оқуында студенттердің жеке идеясы бойынша «Мұқағалиға арнау» тақырыбында арнайы дайындалған бейнебаян және «Есіңе мені алғайсың...жазылар естеліктер мен туралы» атты бейне материал поэзия кешін одан әрі жандандыра түсті. Сонымен қатар осы «Есіңе мені алғайсың...» өлең жолдарын Марал Қалиева француз тілінде оқыды.

Студенттердің топтық орындауындағы «Менің анкетам» өлеңі көреремендерге ақынның өмір жолдарына, өмірлік ұстанымына саяхат жасағандай әсер қалдырды. Әсем Сайлау мен Марал Қалиева дайындаған викториналық сұрақтар мен слайд арқылы көрсетілген ақпараттық мәліметтер ақынның жеке өмір парақтары мен жыр баспалдақтарында жеткен жетістіктерін қамтыды.

Викториналық сұрақтарды шешуге белсене қатысқан көрермендер сый-сияпаттарға ие болды.

Сонымен қатар «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының француз тілі пәнінің оқытушысы Мұқағали ақынның туған қызы Шолпан Мұқағалиевға жыр шашу тыңдармандары сұрақ қойып, ақынның отбасы, өмірдегі көқарасы жайлы мәліметтерге қанық болды. Шолпан өз сөзінде: «Әкем бізге ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген жан емес еді. Әсіресе бізді, яғни қыздарды өте жақсы көретін. Әлі есімде мені өзі жетектеп алғаш мектеп табалдырығын бірге аттатқаны, тіпті мені француз тілі пәнінің маманы болуыма да әсері болды. Сен әлем білімімен, әлем әдебиетінің жауһарларымен сусындауын керек деуші еді. Бізді қаламақы алған күні көкбазарға ертіп барып, жемістер алып бір қуантып тастайтын. Елдің жағдайы ол кезде кішкене қиындау еді», - деп ағынан жарылды.

Кеш соңында «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Д.А. Қарағойшиева қонақ болып келіп отырған көрермендерге және ақын жырлары қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінде төгілген әдеби кеште ұйымдастырып, тамаша жүргізе алған «Шетел филологиясы» маманығының 3 курс студенттеріне алғысын білдірді.

Олай болса, жылдар өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түсері хақ. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары осындай тамаша рухани қазыналардың куәсі болып қала бермек! «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан - жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!

Магүлсім Жаңабекова , Адилия Алимбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шетел филологиясы және аударма ісі

кафедрасының оқытушылары