«Отан тарихының жаңа дереккөздері»: академик М.Қ. Қойгелдиевтің көшбасшылық дәрісіFarabi University

«Отан тарихының жаңа дереккөздері»: академик М.Қ. Қойгелдиевтің көшбасшылық дәрісі

25 сәуір, 2025

2025 жылдың 25 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарихи тағылымға толы кездесу өтті. Университет жанындағы «Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерделеудің» Республикалық ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен көрнекті тарихшы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевпен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.

Шараны ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Б. Кәрібаев кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларды таныстырып, кездесудің ғылыми маңыздылығын атап өтті. Аталған жиынға тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., қауымдастырылған профессор Д.С. Байгунаков, Қазақстан тарихы кафедрасының профессорлары Ф.А. Қозыбақова, Г.Б. Хабижанова, С.К. Удербаева, Н.А. Тасилова, аға оқытушылар А.О. Кошымова, Г.И. Менситова, сондай-ақ университеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Кездесу барысында академик Мәмбет Қойгелдиев «Отан тарихының жаңа дереккөздері» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды. Ол еліміздің тарихи санасына сілкініс әкелетін, Алаш арыстарының тағдырына арналған 12 томдық «Алашорда ісі. 1920–1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты тың ғылыми жинақты таныстырып, оның мазмұндық ерекшеліктерін тарқатып берді.

Академиктің айтуынша, бұл көптомдық жинақта бұрын-соңды жарияланбаған үш мыңнан астам тарихи құжат пен сирек фотосуреттер топтастырылған. М. Қойгелдиев жұмыс тобының жетекшісі ретінде ғылыми жинақты дайындауда 35 тарихшы, архивист және археограф мамандар қатысқанын айта келіп, бұл – ұжымдық еңбектің жемісі екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ғалым жинақтың әр томында көтерілген мәселелерді жеке-жеке саралап, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауаптар берді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар академик Мәмбет Құлжабайұлына өз ризашылықтарын білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің жас буын үшін аса қажет екенін жеткізді.