
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің механика кафедрасының студенттік командасы ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен Бакуде (Әзербайжан) өткен FICS 2025 халықаралық стартап байқауына қатысты. Байқау Әзербайжан техникалық университетінің (AzTU) базасында өтті.
ҚазҰУ командасының құрамында механика кафедрасының студенттері – Айтбай Нұркадам, Қалжан Асхат, Нәлібек Рамазан және Есен Елжас болды. Команданың ғылыми жетекшісі – механика кафедрасының аға оқытушысы Бірлік Сағитжанов.
FICS 2025 байқауын Әзербайжан техникалық университеті мен Пәкістан Ұлттық ғылым және технологиялар университеті (NUST) бірлесе ұйымдастырды. Бұл халықаралық деңгейдегі беделді платформа студенттердің инновациялық жобаларын қолдап, олардың ғаламдық мәселелерді шешудегі рөлін арттыруды мақсат етеді.
Аталған байқау жобаларды БҰҰ бекіткен Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкестігіне қарай бағалаумен ерекшеленеді. ҚазҰУ командасының «ROBOSPIDER» атты стартап-жобасы интеллектуалды роботтық шешімдерді ұсыну арқылы ТДМ 9 (Индустрия, инновация және инфрақұрылым) және ТДМ 4 (Сапалы білім беру) мақсаттарына сәйкес келеді.
65 команданың арасынан ҚазҰУ жобасы «Ең үздік инновациялық стартап-жоба» номинациясын жеңіп алып, Пәкістанда өтетін финалдық кезеңге гранттық жолдамаға ие болды.
Механика кафедрасы студенттерінің бұл жетістігі – университетіміздің халықаралық аренадағы беделін арттырумен қатар, инженерлік саладағы ТДМ-ға негізделген шешімдерге қосқан үлесі болып табылады.
Ахметова Балжан Ибрагимқызы