- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ халықаралық форумда: Орталық Азия биоалуандығын сақтау жолындағы бірлескен күш-жігер
ҚазҰУ халықаралық форумда: Орталық Азия биоалуандығын сақтау жолындағы бірлескен күш-жігер
2025 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Орталық Азиядағы биоалуандылықты сақтау мәселелері мен болашағы» атты Халықаралық форум өтті. Іс-шара Қазақстандағы Эколог күніне арналды. Форумға ЮНЕП, ПРООН, IUCN өкілдері, министрліктер, университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен үкіметтік емес ұйымдардан келген сарапшылар қатысты. Қатысушылар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Германиядан келді.
Форум аймақтық экожүйелерді сақтау және трансшекаралық мәселелерді шешу жолында тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Форумды ҚР ҰҒА Президенті Күнтажанов Қ.К., ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Михаэла Фриндт, ЮНЕП-тің Еуропа бойынша аймақтық бағдарламасының директоры Сильвия Мартини және басқа да халықаралық сарапшылар ашты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында университеттің тұрақты даму және ғылымдағы жетістіктері туралы айтып, Орталық Азияда экожүйелерді сақтау үшін жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарының күш біріктіруінің маңыздылығын атап өтті.
Ректор Қытай серіктестерімен бірлесіп ашылған Қашықтан зондтау орталығы, 10 ғылыми зертхана және құрғақшылықты бақылау, топырақтың тозуы, су тапшылығы мен халықты экологиялық ағартуға бағытталған жобалар туралы баяндады.
Форумда сондай-ақ Өзбекстандағы Экология және тұрақты даму институтының директоры, Қытайлық профессор Сюй Вэй, Германияның Бонн университетінің профессоры Вернер Блюм және биоалуандылықты қорғау саласындағы өңірлік бастамалар өкілдері сөз сөйледі.
Форум соңында өңір елдерінің арасында әріптестікті нығайту мақсатында тамыз айында Халықаралық биоалуандылық симпозиумын өткізу және қорытынды резолюция әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Басқа жаңалықтар

