- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ метеорология және гидрология кафедрасы мен «Қазаэронавигация» РМК орнықты даму аясында стратегиялық серіктестік бағытын айқындады
ҚазҰУ метеорология және гидрология кафедрасы мен «Қазаэронавигация» РМК орнықты даму аясында стратегиялық серіктестік бағытын айқындады
2025 жылғы 10 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің метеорология және гидрология кафедрасы мен «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өкілдерінің академиялық және салалық әріптестікті нығайту аясындағы жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге «Қазаэронавигация» РМК атынан келесі тұлғалар қатысты:
- Василина Александровна Костикова — Метеорологиялық қамтамасыз ету және ақпарат басқармасының бастығы;
- Ақылбек Сарбаевич Уразғұлов — Әкімшілік және кадр жұмысы департаментінің директоры;
- Бахтыкүл Ашірбайқызы Жүнісова — Персоналмен және әлеуметтік мәселелермен жұмыс бөлімі кадрлар жөніндегі менеджері;
- Маржан Махмұтқызы Ахметова — «Оңтүстік-Шығыс ӨҚО» филиалының метеорологиялық қызмет бастығы.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары келісілді:
- ТДМ 4 – Сапалы білім беру,
- ТДМ 9 – Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым,
- ТДМ 13 – Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл,
- ТДМ 17 – Орнықты даму мақсатындағы серіктестік.
Серіктестіктің мақсаты — авиациялық метеорология саласындағы білікті мамандарды даярлауға арналған тұрақты платформа қалыптастыру, ғылыми-тәжірибелік әлеуетті дамыту және университет пен өндірістік сектор арасындағы байланысты нығайту.
Талқылау нәтижесінде төмендегідей басым бағыттар анықталды:
🔹Білім беру саласындағы серіктестік — серіктестік туралы келісімге қол қою, «Қазаэронавигация» мамандарының қатысуымен көшбасшылық дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарланып отыр. Бұл білім алушыларға саланың заманауи талаптарына сай білім алуға мүмкіндік береді.
🔹Тәжірибе және кәсіби бағдар — оқу, өндірістік және диплом алдындағы тәжірибе бағдарламаларын іске асыру, кәсіби экскурсиялар мен ашық есік күндерін ұйымдастыру. Бұл экологиялық саналы, мақсатты және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді.
🔹Ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы — студенттік жобаларды қолдау, ғылыми конференцияларға қатысу және авиациялық метеорология мен климаттық болжау саласындағы бірлескен жарияланымдар жүргізу.
🔹Кадрлық интеграция және кәсіби даму — түлектердің қорытынды аттестациясына РМК мамандарының қатысуы, кафедра оқытушылары үшін тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру, сондай-ақ метеоролог мамандығын орнықты даму контексінде насихаттауға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу.
Бұл уағдаластықтар сұранысқа ие мамандарды даярлау, ғылыми-тәжірибелік кластерлер қалыптастыру және авиациялық метеорологияны климаттық тұрақтылық пен ұлттық инфрақұрылымның маңызды элементі ретінде дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.