Қазақстан Заман

17 ақпан, 2016

Ортақ әліпби қалыптастыру түркі тілдерінің жойылу қаупін азайтады

mtdi.kz: 15.02.2016

Қазақстан Заман: 12.02.2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасы да бүгінге дейін түрік, татар, башқұрт, қырғыз және басқа да түркі ғалымдарымен түркі халықтарының бірлігі, тілі мен мәдениетіне қатысты бірлесе дөңгелек үстел, ғылыми жиындар, шеберлік сабақтары және өзге де дәрістер ұйымдастырып жүр. Этномәдени нысандарға қолдау көрсететін оқу ордасы түркітану ғылымының көптеген өзекті мәселелерін назардан тыс қалдырмайды. Аталмыш оқу орнының доценті, ф. ғ. к., Кенжетай Күркетаев өз ойымен бөлісті.

Кенжетай Куркебаев

— Құрметті Кенжетай Құрманбайұлы, қазақ тілі тарих бетінде өлі тілге айналған көне қыпшақ тілінің шекпенінен шыққан деген дәйектерді көп естиміз. Бұның қаншалықты қуаты бар және ғалымдарымыз бұны дәлелдеуде неге сүйенеді?

— ХІ ғасырдан бастап, моңғолдардың шапқыншылығына дейін де, Шыңғыс хан ұрпағы құрған аса қуатты Алтын Орда мемлекеті тұсында да қыпшақ тілінің халықаралық тіл дәрежесінде кеңінен қолданылған қуатты тіл болғаны Еуропаның шығыстанушы ғалымдары мен жиһангерлерінің, араб ғалымдарының жазба дүниелерінде кеңінен сөз етіледі. Тіпті, басқыншы моңғолдардың да жергілікті қыпшақтарға ассимиляцияланып, сол тілде сөйлегені, Мысыр, Шам, Үнді, Кавказ халықтарының бұл тілді үйренуі сол кездегі қыпшақтардың саяси үстемдігімен тікелей байланысты болса керек. Алтын Орда хандарының бұйрықтары мен жарлықтары, түрлі мазмұндағы хаттары, Араб ғалымдары мен Мысыр сұл-тандарының жазбалары, Грузия, Армения жерін бағындырып, мекен еткен армян-қыпшақтардың тарихи-филологиялық және құқықтық сипаттағы еңбектері, Үнді сұлтандарының жәдігерлері сол дәуірде тек қыпшақ тілінде жазылған. Ал қазақ тілін көне қыпшақ тілінің шекпенінен шыққан деуімізге дәлелдер де жоқ емес. Мәселен, орта ғасырда жазылған «Кодекс Куманикус» (латын-парсы-куман сөздігі), Абу Хайианның «Китаб әл-Идрак ли-лисан әл-атрак», «Терджуман түрки уа ғараби» (араб-түрк аударма сөздігі), «Ат-тухфат әз-закия филлуғат ат-түркия» сияқты еңбектерді жатқызуға болады. Бұл еңбектердегі лексикалық қордың 60-70% қазіргі қазақ тілімен сәйкес келеді.

— XI ғасырдан бастап қыпшақ тілінің халықара-лық тіл дәрежесіне дейін де көтерілгенін айттыңыз. Сондай қуатты тілдің жойылып кетуіне не себеп болған?

— Алтын Орда мемлекетінің тұсында түркілердің (қыпшақтардың) саяси үстемдігінің нәтижесінде түркі тіл-дерінің де тілдік саясаты ықпалды болғаны белгілі. Жалпы тілдік саясат мемлекеттік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі екені қай заманда да, қай дәуірде де маңызды болған.

Алайда ХІІІ-ХҮ ғасырлар аралығында Алтын Орданың жіктелу нәтижесінде пайда болған Сібір хандығы, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы, Моғолстан, Бұхар, Хиуа хандықтары арасында ішкі ауызбіршіліктің болмауы, толассыз тақ таласы, биліктің екіжүзділік саясаты, өзара қырқысулар, билік — байлық — сатқындық үштігі сияқты көптеген факторлар жалпытүркілік қуатты кеңістіктің күйреуіне әкеліп соқтырды. Осының нәтижесінде өз заманындағы қуатты түркі тілдерінің тілдік саясатының әлсіреуіне душар болды. Бұл дәуір тіл тарихында түркі тілдерінің жеке тілдерге ыдырау дәуірі деп те аталады.

— Бүгінгі жаһандану заманында күн сайын тілдік қолданысымызға жаңа сөздер енуде. Осы тұрғыдан өзге де туыс түркі тілдес елдермен ортақ сөзжасам құру түркі тілдеріндегі тілдік алшақтықты жақындастыра ала ма?

— Әрине, бүгінгі түркітану ғылымының негізгі мақсаты — ортақ терминологиялық қор, ортақ әліпби жүйесін қалыптастыру. Бұл мәселе шешілсе, түркі тілдері ықпалды, алпауыт тілдердің (орыс, қытай, иран және территориялық көрші тілдердің) тілдік қатынасына (языковые контакты) бейімделмес еді. Шағын түркі тілдерінің жойылу қаупі тікелей осымен байланысты. Өз заманында дүркіреп тұрған татар, башқұрт, ноғай, қырым, құмық, ұйғыр, хақас, саха (якут), тува, алтай, шор, сары ұйғыр тілдерінің бүгінгі және болашақ тағдыры не болмақ ?

Жаңа сөздерді бір-бірімізбен ортақ алмасу, түбі бір түркі бауырлар екенімізді еске салады. Түркілік кеңістік құруымызға ықпал етеді. Неологизмдер мен күнделікті сөйлеу тілін басқа тілдерден өзгеріссіз қабылдасақ, тілдеріміз сол тілдерге сіңісіп, жоғалады. Сөздік қорымыз тоқырауға ұшырып, ғылым тілін қалыптастыра алмаймыз.