Берік АРЫН, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры:Отанға қызмет ету – ең асыл ісFarabi University

Берік АРЫН, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры:Отанға қызмет ету – ең асыл іс

27 маусым, 2025

Берік Арын – қазақ дипломатиясы саласында 30 жыл­дан астам уақыт бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан белгілі қоғам қайраткері, шығыстанушы маман. 2011-16 жылдар аралығында Берік Сақбайұлы Қазақстанның Мы­сыр­дағы, ал 2019-24 жылдары Сауд Арабиясындағы тө­тен­ше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры. Кейіпкеріміз оқырмандармен шығыстану ғылымына келу жолымен, дипломатия саласындағы қыз­метінің қыр-сырымен бөліседі. 

– Берік Сақбайұлы, шы­ғыстану мамандығын қалай таңдадыңыз?

– Шығыстану факультетіне түсуім – мен үшін тағдырдың то­­сын сыйы. 1986 жылы орта мек­тепті алтын медальмен та­мам­даған маған көптеген жо­ғары оқу орындарына ем­ти­хан­сыз түсу мүмкіндігі болды. Дегенмен бала кезден бергі арманым еліміздегі ең үздік оқу орны саналатын ҚазМУ-дың заң факультетіне түсу еді. Алайда сол жылдары бұл фа­культетке мектепті енді бі­тірген талапкерлер үшін еш­қан­дай жеңілдік қа­­рас­ты­рыл­майтын. Себебі заң­гер ма­­мандығы ең жоғары сұ­ранысқа ие маман­дық­тардың бірі болды. Үш ем­ти­ханды да «жақсы» деген ба­ғаға тапсырғаныма қа­­­ра­­­мастан, сол жолы мен конкурсқа іліге алмай, ауылға қайтуыма тура келді. Елге оралып, екі білекті сыбанып, еңбек жолын бас­та­дым. Жоспарым бір жылдан соң сол университетке қайта барып, заң факультетіне құжат тап­сы­ру еді. Алайда кәмелет жасқа тол­ған соң әскерге ша­қы­ры­лып, өмірімнің екі жылын Отан алдындағы борышымды өтеуге арнадым. Әскерден оралған соң тағы да заң факультетіне құ­жат тапсырып, алда тұрған сынақтарға репетитор жалдап дайындала бастадым. Бірде мені оқуға дайындап жүрген мұғалім университетте жаңа – шығыстану факультетінің ашы­лып жатқанын, факультет де­каны – еліміздің белгілі шы­ғыс­танушысы Әбсаттар Дер­бісәлі және тарихшы ғалым, профессор Кеңес Қожахметов талапкерлермен кездесу өткі­зе­тінін хабарлады. Тағдырдың тарау жолында әр адамның өміріне әсер ететін бетбұрыс сә­ті болады. Мен үшін сол кез­десу жаңа өмірге бастар соқ­пақ­тың бастауы болды. Әб­сат­тар Бағысбайұлының араб әле­мі туралы әңгімесі өзім мек­тепте тығылып жүріп оқы­ған «Мың бір түн» ерте­гіле­рін­дей әсер етті. Әсіресе оның «Еліміз жақында тәуелсіздік алады, бізге шетел тілдерін мең­герген өз мамандарымыз қа­жет» деген сөздері Жел­тоқсан рухы сөнбеген біздің жү­регімізге жаңа үміт отын жақ­ты. Нәтижесінде кезде­су­ден соң мен заң факуль­те­тінің қабылдау комис­сия­сында жат­қан құжаттарымды алып, шы­ғыс­тану фа­куль­тетіне тап­сыр­дым. Сы­нақ­тар­ды сәтті тап­сырып, шы­ғыстану фа­куль­тетінің араб бөлімінің студенті атандым.

– Әріптес арабтану­шы­лар қазіргі араб әлемінде классикалық араб тілімен, яғни Құран тілінде сөйлей­тіндердің аз екенін айтады. Осы мәселеге қатысты өз ойыңызбен бөліссеңіз және әдеби араб тілін мең­ге­ру ба­рысында кездескен қиын­­­­дық­тар жайында оны же­­ңу­дегі тәжірибеңізге тоқ­­­тал­­­саңыз.

– Шындығында, қазіргі араб әлемінде классикалық араб тілі – фусха – күнделікті өмірде си­рек қолданылады. Бұл араб­та­нушылар арасында жиі қоз­ғалатын мәселе. Шығыс­та­ғы 22 араб мемлекетінде рес­ми әдеби тілден бөлек, әр елдің өз диалектісі бар. Бұл диалек­ті­лердің ұқсамайтыны соншалық – Мағриб арабтары мен Маш­рик арабтары бір-бірін мүлдем тү­сінбейді. Ал бұғаздық араб­тар­дың диалектілерін өзге ау­дан­дарда тұратын халық түсіне бермейді. Бұл жерде енді бар­ша арабтарға аз-маз болса да, түсінікті болып табылатын Мы­сыр диалектісін ерекше атап өт­кен жөн. Бұл диалектінің ке­ңі­нен таралуына да белгілі Мы­сыр фильмдері мен араб әлемі сүйіп тыңдайтын Умм Кульсум секілді танымал әншілер себеп болды деуге негіз бар.

Шығыстану факультетінің 3-курсынан соң біздің топтың студенттері Марокконың Мек­нес қаласына тілдік тәжіри­бе­ден өтуге барғанда, жергілікті халық біз университет қабыр­ға­сында үйренген классикалық араб тілін – фусханы түсінбей, бізге аспаннан түскендей қа­рай­тын. Марокколықтар негі­зі­нен француз тілінде сөйлеуге ты­рысатын немесе өз диа­лек­ті­лерінде сөйлесетін. Осы тұр­ғыда 1930 жылдарда КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тө­­­тенше және өкілетті елшісі бол­ған, қазақтан шыққан ал­ғашқы елші – Нәзір Төреқұлов ту­ралы айтқым келеді. Ол уни­верситет қабырғасында әдеби тілмен бірге араб диалектілерін үйренудің маңыздылығына тоқ­­талып, жоғары оқу орын­да­ры «арабтанушылар» емес, «құ­рантанушылар» дайын­дай­ты­нын айтып кеткен еді.

– Сіздіңше, фусханы үй­ре­ну әлі де өзекті ме? Егер фусха күнделікті өмірде көп қолданыла қоймаса, араб тілін оқып жүрген сту­дент­тер тілдік тәжірибеден қа­лай өтпек?

– Әдеби араб тілі – фусханы үйрену әлі де өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені ресми хат алмасу, мемлекеттік орган­дар­мен қарым-қатынас, теле­ха­бар­лар (фильмдерден басқа) әдеби тілде жүреді. Араб әле­мінде білімді адамдар саны өскен сайын, фусханы мең­гер­гендер де көбейіп жатыр. Се­бебі мектептерде және жоғары оқу орындарында сабақтар әде­би араб тілінде өтеді. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар бол­сам, біздің заманымызда тіл үйренетін қосымшалар, араб ті­ліндегі теледидар мен радио арналар болған жоқ. Бірақ біз араб тілінде көп оқып, көп тың­дауға тырыстық. Мен Араб елі­не барған соң, жергілікті те­ле­ар­наларды қарап, радио бағ­­дар­ламаларын тыңдай бас­та­дым. Тіл иелерімен жиі-жиі сөйлесіп, тілімді сындыруға тырыстым. Кез келген шетел тілін үй­рен­генде ең маңызды нәрсе – ол қате айтудан қорықпау. Мақ­са­ты­ңыз тілді жақсы игеру болса, онда сіз тіл иелерімен күн­де­лік­ті араласуға, мәтіндерді көп оқу­ға, тыңдауға және көп сөй­леуге тырысыңыз. Монологтар, диа­логтар құрастырып, оны қолданудың да маңызы зор. Тілдік кедергіден құтылу үшін тіл иелерімен жиі сөйлесу ке­рек. Сөйлеу барысында кететін қа­теліктерден еш ұялмаңыз. Өйткені қателік – дамудың бір бөлігі, үйренудің жолы. Атамыз қазақ «Оқусыз білім жоқ, қате­лік­сіз тәжірибе жоқ» деп бекер айтпаса керек.

– ҚазМУ-да өткен сту­дент­­тік өміріңіз туралы ай­тып берсеңіз. Сіздің тұлға ре­­тінде қалып­та­суы­ңызға уни­­верситет қандай үлес қос­­ты?

– Меніңше, кез келген адам үшін студенттік жылдар – өмір­де­гі ең қызықты кезеңдердің бірі. Менің студенттік шағым КСРО-ның ыдырауымен және әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Респуб­ли­касының пайда болуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан уни­верситеттегі оқу жылдары түрлі тарихи оқиғаларға, қы­зық пен шыжыққа толы болды. Әсіресе университет қа­быр­ға­сында өткен алғашқы үш жыл­ды ерекше есіме аламын. Біз сол кезде бәріміз Қазақ­стан­ның тәуелсіз, егемен ел болуын тағатсыздана күттік. Кешке қа­рай ұзақ уақыт доста­ры­мыз­бен елдің келешегі туралы пікір таластырып, қызу талқылаулар өткізетініміз әлі есімде. Біздің пікірталасымыз мемлекетіміз тәуелсіздік алғанда қандай мүмкіндіктерге ие болады, бо­ла­шақты қалай елестетеміз – міне, осы тақырыптар айна­ла­сын­да өтетін еді. Тағы бір ай­­татын жайт, біз сабақты жан-тә­­німізбен оқып, алған бі­лі­міміз тәуелсіз Қазақстанға қа­жет бо­лады деген нық се­­німмен оқы­дық. Университет қа­быр­ға­сын­дағы соңғы жыл­дар, әрине, оңай болған жоқ. Ха­лықтың не­гізгі уайымы күн­көріс болды. Бұл жағдай, әри­не, білім са­па­сына да әсер ет­пей қоймады. Дегенмен сол кез­дегі барлық қиындықтарға мойы­май, бізге терең білім беріп, өз-өзімізге деген сенім­ді ұялатып, бола­шақ­қа жол сіл­теп, тұлға ретінде қалып­та­суы­мызға себепкер бол­ған ұс­­таздарыма алғысым шексіз.

– Өзіңізге дәріс берген ұстаздарға тоқтала кет­се­ңіз.

– Әрине, ең алдымен шы­ғыс­тану факультетінің негізін қалаушы, белгілі арабтанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі ағай­ды айта аламын. Ол кісі біз­ді әрдайым қолдап, қорғап, рухымызды оятып, тұлға ре­тінде қалыптасуымызға үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ араб тіліне деген махаббатымызды оятқан, талапшылдығы және принципшілдігімен жадымда мәңгілік сақталып қалған Фей­руза Ханифқызы Мамеконы ерекше ризашылықпен және үлкен құрметпен еске аламын. Сонымен қатар әр жылдары бізге түрлі пәндерден дәріс оқыған К.Қожахметов, Г.На­ди­рова, М.Мәженова, Д.Бел­гі­баева, Б.Тасымов, Ж.Дәдебаев, А.Чупеков, А.Тасымов, Л.Рүс­те­мов, С.Батыршаұлы сынды ұс­таз­дарымды да ерекше алғыс сезімімен еске аламын. Қазір арабтану саласында еңбек етіп жүрген мамандардың барлығы дерлік осы жоғарыда аты атал­ған ұстаздарымыздан тәлім ал­ған.

– Берік Сақбайұлы, дип­ло­матия саласындағы жүріп өткен жолыңыз жөнінде де айтып өтсеңіз.

– Дипломатиядағы қызмет жолым сәтті қалыптасты деп ойлаймын. Бұл салада мен ең төменгі лауазымнан – ре­фе­рент­тен бастап, Қазақстан Рес­публикасының төтенше және өкілетті елшісі дәрежесіне дейін көтерілу жолында талай тар жол, тайғақ кешуден өттім десем де болады. Бұл тұрғыда маған аянбай еңбектенуге, өз-өзімді үздіксіз жетілдіруге тура келді. Еліміз тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген жылдары тәжірибелі дипломаттар аз еді. Сондықтан көп нәрсені ша­лы­нып-сүрініп жүріп үйренуге ту­ра келді. Бұл жолда тәжі­ри­бе­лерімен бөлісіп, рухани қолдау көрсеткен адамдар да аз бол­ған жоқ. Сондай бір жағдайда аға буын әріптестердің бірі ма­ған: «Министр болу – ол бақ, кез келгеннің маңдайына жа­зыл­майды. Ал еңбекқор, бі­лім­ді дипломат міндетті түрде ел­ші бола алады. Елшіге лайық барлық қасиет сенде бар», – де­ген еді. Бұл сөздер маған қа­нат байлағандай әсер етті, ме­нің жігерімді ұштап, ру­хым­ды асқақтатты. Дипломат – бір қолында қалам, бір қолында парасат ұстайтын адам. Қанша жылдар бойы дипломаттық қызметте болып, Отаныма адал қызмет ету мәртебесіне ие болған өзімді әлемдегі ең ба­қытты адамдардың бірі санаймын. Өйткені Отанға қыз­мет ету әрбір адам өміріндегі ең бағалы, ең асыл іс деп есеп­теймін.

– Егер қателеспесем, сіз шығыстану факультетінің тү­лектері арасынан шыққан алғашқы төтенше және өкі­летті елші екенсіз. Бұл лауа­зым­ның әр дипломат үшін үлкен жауапкершілік жүк­тей­тінін білеміз. Бұл туралы не айтасыз?

– Елші болу – өз еліңді әлем алдында ең жоғары деңгейде таныстыру. Бұл кез келген дип­ломаттың арманы, со­ны­мен бірге үлкен мәртебе әрі жауап­кер­шілік. Жаңадан та­ғайын­дал­ған елшінің шет мемлекет басшылығына тапсыратын Се­нім грамотасында Мемлекет басшысының мынадай сөздері бар: «Осы Сенім грамотасын ұсынған елші (аты-жөні) қа­был­дауыңызды, оған толық сенім артуыңызды, менің және Қа­зақстан Республикасының үкі­меті атынан айтқан барлық сө­зіне құлақ асып, сенім біл­діруіңізді сұраймын». Осы сөз­дерден-ақ ел мен Пре­зи­дент­тің үлкен сенімі әрі зор жа­уап­­кершілік жүктеліп тұр­ғанын аңғару қиын емес. Әр елші – өз елінің бет-бейнесі. Ол барлық жағынан жоғары деңгейде, үлгі тұтарлықтай тұлға болуға тиіс. Ел мүддесін қорғап, азамат­тар­дың құқығы мен абыройын халықаралық алаңда жанкеш­ті­лікпен қорғауға, еліміздің ұс­танымын танытып, лайықты түр­де насихаттауға міндетті. Ма­ған араб әлемінің жетекші ел­д­ері: Мысыр Араб Рес­пуб­ликасы мен Сауд Арабиясы Ко­рольдігінде, сондай-ақ қо­сым­ша Марокко, Алжир, Тунис, Ли­вия, Бахрейн мемлекет­те­рінде Қазақстан Республи­ка­сы­ның төтенше және өкілетті ел­шісі қызметін атқару мәр­тебесі бұйырды. Сондай-ақ бірқатар беделді халықаралық ұйымдарда – Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымы, Африка одағы, Араб мемлекеттері лигасы, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымында Қа­зақстанның өкілі болдым. Осы тұрғыда маған сенім артқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және еліміздің тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевқа шексіз риза­шы­лығымды білдіремін.

–  Әңгімеңізге рақмет!

 Фатимабибі ДӘУЛЕТ,

Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры