ҚазҰУ ректоры Алматының тұрақты дамуына бағытталған ғылыми зерттеулерді ұсынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазақстан жоғары оқу орындары ректорларымен кездесуіне қатысты. Жиында ҚазҰУ басшысы мегаполистің тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-инновациялық зерттеулерді ұсынды.
Жансейіт Түймебаев «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дамуының келешегі және Алматының түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесіне байланысты бастамалар» тақырыбында баяндама жасады.
«Алматының Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы ретінде бекітілуі – тек мақтаныш қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи оқиға. Бұл мәртебенің арқасында біздің қала тек түркітілдес елдер жастары үшін рухани орта ғана емес, шығармашылық пен білім, инновациялар мен ынтымақтастықтың алдыңғы қатарлы алаңы болатынына сенімдімін. ҚазҰУ Алматының халықаралық беделін арттыруға бағытталған жобалар арқылы өз үлесін қосуға дайын», – деп атап өтті ректор.
Сонымен қатар өз сөзінде Жансейіт Түймебаев университет ғалымдарының ғылыми тәжірибесіне және халықаралық тәжірибеге негізделген инновациялық шешімдерін таныстырды.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Алматы қаласындағы ауаның сапасын геоақпараттық технологиялар мен спутниктік зондтау арқылы мониторингілеу жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуде. Бұл жүйе қаланың экологиялық мәселелерін, ауаның ластануы мен халық санының артуынан туындайтын мәселелерді шешуге көмектеседі.
Сонымен қатар Алматының сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру мақсатында ғимараттар мен инфрақұрылымның жер сілкіністеріне төзімділік моделін әзірлеу жұмыстары қолға алынды.
Суперкомпьютерлік технологиялар арқылы жүргізілген зерттеулер төтенше жағдайларда қауіп төндіретін нысандарды анықтап, құтқару қызметтерінің әрекеттерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. ҚазҰУ ғалымдарының сел мен жер сілкінісіне мониторинг жүргізу жүйесі табиғи қауіптерді уақытында бақылап, мәселені дрондар мен қашықтықтан зондтау арқылы шешуге жол ашады.
ҚазҰУ Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерге ие. Ол жер сілкіністерін болжау, климаттық өзгерістер мен қалалық инфрақұрылымды цифрландыру үшін пайдаланылатын болады. Бұл мақсатта ҚазҰУ мен Алматы әкімдігі арасындағы «Цифрлық Алматы болашағы: жоғары өнімді есептеулер негізінде жобалау, болжау және шешімдер» жобасы аясында бірлескен бағдарлама әзірлеу ұсынылады.
Туристік ағындарды басқару интеллектуалды жүйесі инфрақұрылымға жүктемені талдау үшін мобильді байланыс операторлары мен онлайн брондау жүйелерінің деректерін пайдаланып, қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Алматының әртүрлі аудандарындағы өмір сапасын талдау үшін кешенді тәсіл мен әлеуметтік, экономикалық және экологиялық көрсеткіштер негізінде бақылау карталарын құру ұсынылады.
ҚазҰУ ғалымдары ұсынған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеу мәдениетін енгізу және құнды құрамдас бөліктерді шығару технологияларын әзірлеу Алматының экологиясы үшін маңызды жоба болып табылады.
Қаладағы таулы аймақтарда қауіпсіздікті арттыру мақсатында мобильді криогенді-пневматикалық құрылғыны әзірлеу де жоспарлануда.
Ғылыми технологиялық жаңалықтармен бірге ҚазҰУ ғалымдарының қала халқына денсаулық сақтауға көмектесетін құралдарды да ұсынуға дайын екені айтылды. Соның бірі – фуллерен С60 негізіндегі функционалды желісі. Фуллерен – адам денесінен қартаюдың себепкері болып табылатын бос радикалдарды шығаруға мүмкіндік беретін заманауи антиоксидант.
Келесі ұсынылатын жоба – Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында оны цифрландыруға бағытталған. Бұл бастама суперкомпьютерлік ресурстарын және Қытайдың озық технологиялық тәжірибесін қолдануды көздейді. Алматыны AI технологияларымен қамтамасыз етілген цифрлық денсаулық қаласына айналдыруға бағытталған жоба нәтижесінде жедел жәрдемнің жету уақыты 10-15 пайызға қысқарса, эпидемияларды болжаудың дәлдігі 20-30 пайызға артады. Ал емдеу мен басқару шығындарын 20-30 пайызға дейін азайтуға болады, сондай-ақ диагностика мен ауруларды анықтау жылдамдығы 2-3 есе ұлғаймақ.
Баяндама соңында ректор университет ғалымдарының инновациялық ұсыныстары тек қаланың экожүйесін қолдауға ғана емес, оның цифрландырылуы мен тұрақты дамуына да елеулі үлес қосарына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

