Ғылымға алғашқы қадам
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекетіміздің көшбасшы жоғарғы оқу орындарының бірі, сонымен қатар 80 жылдан астам тарихы бар, негізі қалыптасқан білім мен ғылымның ордасы екені белгілі. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесінен мықты мамандар, нағыз танымал үздік ғалымдар да осы қара шаңырақтан шығуда.
Сол жинақтаған тәжірибелерімен бөлісуден алдарына жан салмайтыны да белгілі. Кешегі мектеп оқушылары университет табалдырығын аттаған сәттен бастап біліммен ғана сусындатып қоймай, түрлі шаралар ұйымдастыра білуге, яғни қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру жағынан да тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндіктер жасалады. Ал ғылыми шабытын ояту жағы да осы университеттің алға қойған мақсаттарының бірі. Студенттер, магистранттар мен докторанттарды ғылыми қадамға аяқтарын нық басу үшін түрлі шаралар өткізу университтеттің, факультеттердің, айта берсе кафедралардың, ондағы оқытушы-профессорлардың жыл сайын жаңа үлгіде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып шәкірттерін баулу әдетке айналған деуге болады.
Осының бірден бірі 2016 жылдың 17 ақпанында филология және әлем тілдері факультеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы жанынан құрылған «Жас лингвистер» мен «Жерұйық» ономастикалық өлкетану клубының жетекшілері (филол.ғ.д., проф. Ибраева Ж.Қ., филол.ғ.к., доц. Медетбекова) факультет студенттері мен магистранттарына, яғни жас ғалымдарға өткізген «Ғылыми жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру» атты семинарын атап өтуге болады.
Алтай Сәрсенұлы Аманжолов атындағы дәрісханада өткен семинар әл-Фарабидің «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт…» деген нақыл сөзінен бастау алды.
Семинар, адамзаттың қатынас құралы – тіл, оның қызметі мен қоғамдағы рөлінен басталып, тілдің дамуы мен зерттелуі жайында біршама пікірталас арқылы басталды. Қазақ тілінің дамуы, қазақ тіл білімінің қазіргі зерттелуі жайында студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарына жауаптар да табылды. Қазіргі біздің мемлекетіміздегі тіл саясаты жайында көптеген сауалдар қойылды.
Ғылыми жұмысқа алғаш қадам бастамас бұрын, мамандықпен байланыстырудың қажеттілігі жайында айтылды. Семинарға қатысушылардың басым көпшілігі «Екі шет тілі» мамандығының студенттері болғандықтан «Үштұғырлы тіл саясаты» да шетте қалмады. Тіл білімінің салаларына байланысты кестелер үлестіріліп, толтырылған кестеге байланысты екі-үш тілге қатысты негізгі мәселелер, зерттеу жұмысының нысаны ретінде қарастырудағы қиындықтардан шығатын жолдар да түсіндіріліп жатты.
Ғылымға қадам жасау тек тақырыппен, оны жазудан ғана емес, сонымен қатар оны дұрыс, сауатты рәсімдеуден тұратыны жайында да айтылды. Бұл семинар қатысушы жас ғалымдарға көп ой салып, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап бере алды деген ойдамыз.
Семинар соңында студенттер өз пікірлерін білдіріп, ұйымдастырушыларға, «Жас лингвистер» мен «Жерұйық» ономастикалық өлкетану клубының жетекшілеріне алғыстарын аямады.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ,
филол.ғ.д., проф. Ибраева Ж.Қ.
филол.ғ.к., доц. Медетбекова П.Т.
Басқа жаңалықтар
22 қараша, 2024
22 қараша, 2024
21 қараша, 2024