
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне
түсуді мақсат еткен құрметті талапкерлер!
Сіздерді еліміздің ең байырғы, білім мен ғылымның қара шаңырағы саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің табалдырығын аттауға ұмтылған жарқын қадамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің алдарыңызда үлкен мүмкіндіктер мен тың белестер тұр. Бұл жолда сенім, табандылық пен үздіксіз ізденіс басты серіктеріңіз болсын. Ең бастысы – өз армандарыңызға адал болыңыздар!
Әл-Фараби бабамыздың «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзін ту етіп, биік мақсаттарға ұмтылыңыздар! Біз сіздерді білім мен ғылым жолындағы үлкен сапарға бірге шығуға шақырамыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS World University Rankings халықаралық рейтингінде 166-орында.
Посткеңестік кеңістіктегі жоғары оқу орындарының ішінде бұл беделді топқа тек екі университет енген: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті.
Биыл университет QS Asia University Rankings халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды. Бұл рейтингте Пекин университеті, Сингапур ұлттық университеті және Корея университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары бар.
ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты елдерінің 700-ден астам жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Университетте Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия және Ресей университеттерімен бірлескен қосдипломдық бағдарламалар жүзеге асырылады. Қазіргі таңда мұндай бағдарламалар 120 мамандық бойынша жүргізілуде.
2022 жылғы 11 мамырда Мемлекет басшысының ресми сапары аясында Түркияның Ыстамбұл қаласында ҚазҰУ-дың филиалы ашылды. Сол жылы 26 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке жасаған сапары кезінде ҚазҰУ филиалы таныстырылды.
2024 жылдың соңында екі ел Президенттерінің қатысуымен Ресейдің Омбы қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тағы бір филиалы ашылды. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында:
• Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті МИФИ (Мәскеу инженерлік-физика институты),
• Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалдары жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жалпы сомасы 13 миллиард теңгені құрайтын 368 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. 2024 жылы университеттің 90 жылдық мерейтойы аясында ҚазҰУ базасында 30 заманауи зертхана ашылды.
ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. Бұл құрылғы мемлекет басшыларының ресми сапарлары аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімдер негізінде жеткізілді. Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс және ол әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютердің қатарына кіреді.
Бұл кластер:
• Геномдық зерттеулерге,
• Big Data талдауға,
• Жасанды интеллект (AI) әзірлемелеріне пайдаланылады.
Сондай-ақ ол Алматы қаласындағы «Smart City» жобасы аясында бейнебақылау жүйесінде қолданылады.
Суперкомпьютер ғылыми зерттеулерді едәуір жеделдетіп, есептеулердің дәлдігін арттырады, еліміздің IT әлеуетін күшейтіп, білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді. Сонымен қатар суперкомпьютер қазақ тіліндегі ірі тілдік модельді (LLM) жасау жобасында қолданылады.
2024 жылдың наурыз айында ҚазҰУ мен Қытай ғылым академиясының бірлесуімен Қазақ-қытай қашықтықтан зондтау зертханасы ашылды.
Зертхана Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерді спутниктік талдау арқылы зерттейді. Мақсаты – өңірдің тұрақты дамуына арналған ғылыми модельдер мен болжамдар әзірлеу. Ғалымдар көпплатформалы технологияларды – спутниктерді, дрондарды және жерүсті датчиктерді пайдаланады.
ҚазҰУ сондай-ақ қуаңшылық аймақтарда орнықты ауыл шаруашылығын дамыту жобасын іске асыруда. Жоба аясында тамшылатып суаруы бар және микроклиматты бақылайтын «ақылды» жылыжайлар салынып жатыр. Нәтижесінде су тұтыну 30 пайызға қысқарып, өнімділік 20 пайызға артады.
ҚазҰУ-дағы ғылымның тағы бір жетістігі – Farabi Chem Science кластері. Ол экология, энергетика, медицина, мұнай химиясы және материалтану салаларындағы озық зерттеулермен айналысатын тоғыз зертхананы біріктіреді. Мұнда:
• аккумуляторларға арналған инновациялық материалдар,
• тот басуға қарсы және отқа төзімді жабындар,
• биомедициналық препараттар,
• полимерлі композиттер әзірленіп жатыр.
Халықаралық компаниялармен бірлесіп:
• жаңа катализаторлар,
• гидрлеу технологиялары жасалды.
Университетте бұл жаңалықтарды тәжірибеде қолдану үшін арнайы гальваникалық цех ашылды. Полимерлі негіздегі тиімді дәрі-дәрмектер мен таңғыш материалдар, шетелдік баламаларынан бірнеше есе арзан бактерияға қарсы жабындар жасалды. Ғылыми орталыққа студенттер белсенді тартылып, олар зерттеулер мен стартаптарға қатысуда, бұл жаңа буын ғалымдарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Біз ғылымның еліміздің дамуына қосатын үлесін арттырып қана қоймай, университет қалашығын жаңғырту жұмыстарын да қолға алдық.
Мемлекет басшысының қолдауымен ҚазҰУ-дың екінші даму кезеңінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда:
• төрт жатақхана салынып жатыр (әрқайсысы 677 орынға арналған),
• үш оқу корпусының құрылысы басталды (әрқайсысы 1070 орынға есептелген).
Сонымен қатар:
• Студенттер сарайы мен спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
• спорттық-сауықтыру орталығы,
• қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер,
• инновациялық және ғылыми-зерттеу орталықтары,
• технопарк салу жоспарланған.
ҚазҰУ – бұл тек білім мен ғылымның ғана емес, ел дамуының жаңа серпінін қалыптастыратын орта.
ҚазҰУ – бұл жай ғана университет емес, бұл – сапалы білім мен табысты болашаққа бастайтын жол.
Ендеше, сен де осы оқу орнының студенті атанып, болашағыңды бізбен бірге баста!
Біз сені күтеміз!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры
Басқа жаңалықтар


