- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мырзашөл (Мақтаарал және Жетісай аудандары) және Қызылқұм (Шардара ауданы) суармалы алқаптарында кешенді далалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде
Мырзашөл (Мақтаарал және Жетісай аудандары) және Қызылқұм (Шардара ауданы) суармалы алқаптарында кешенді далалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде

«Тұрақты жер пайдалану мақсатында Түркістан облысының суармалы жерлеріндегі деградациялық үрдістерді бағалау» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында Мырзашөл (Мақтаарал және Жетісай аудандары) және Қызылқұм (Шардара ауданы) суармалы алқаптарында кешенді далалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Зерттеу жұмыстарының басты мақсаты – суармалы жерлердің топырақ жамылғысының суару алдындағы физика-химиялық жағдайын бағалау және деградациялық үрдістердің (әсіресе тұзданудың) кеңістіктік таралу ерекшеліктерін анықтау болып табылады.
Далалық зерттеу барысында келесідей іс-шаралар жүзеге асырылуда:
- Негізгі учаскелерде HM-WSYP жоғары дәлдіктегі көпфункционалды детекторы көмегімен топырақтың ылғалдылығы, температурасы, электр өткізгіштігі (тұздану деңгейі) және рН көрсеткіштері тіркелуде;
- DJI Mavic 3 Pro дронының көмегімен суармалы ауыл шаруашылық алқаптарында аэрофототүсірілімдер орындалуда;
- Әр түрлі деңгейде тұздануға ұшыраған учаскелерден топырақ үлгілері жиналып, кейінгі талдауға зертханаға жөнелтілді.
Зерттеу нәтижесінде Мырзашөл және Қызылқұм суармалы алқаптарында орналасқан 100 негізгі учаскеде топырақтың агрофизикалық және химиялық сипаттамалары (ылғалдылық, температура, электр өткізгіштік және рН) анықталды. Сонымен қатар, DJI Mavic 3 Pro дроны арқылы жалпы көлемі 1050 гектар болатын суармалы аумақта жоғары айқындықтағы аэрофототүсірілімдер орындалуда.
Алынған далалық материалдар қашықтықтан зондтау (ДЗЗ) деректерімен салыстырмалы талдау (верификация) жүргізу үшін пайдаланылады. Бұл мәліметтер Мырзашөл және Қызылқұм суармалы алқаптарындағы тұздану деңгейінің кеңістіктік таралуын бейнелейтін тематикалық карталарды жасау үшін негіз болады.
Аталған далалық зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қолдауымен (Грант № AP23490857) жүзеге асырылуда.