ҚазҰУ түлектерінің кездесуі: 50 жылдан кейінFarabi University

ҚазҰУ түлектерінің кездесуі: 50 жылдан кейін

3 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 50 жыл бұрын оқу орнын бітірген түлектердің жүрекжарды кездесуі өтті. Көпшілігі үшін бұл кездесу – студенттік жылдарға, жастық шаққа, арман мен үмітке толы күндерге саяхат болды.

Механика-математика факультетінің түлектері жиналып, ғылым мен білімнің дамуына айтарлықтай үлес қосқан белгілі ғалымдар мен ұстаздар бас қосты. Олардың қатарында – математика саласындағы еңбектерімен танымал профессор Кангужин Балтабек Есматович, сондай-ақ Кайрат Мынбаев, Шмыгалева Татьяна Александровна, Естаева Ғалия Жиделбаевна және басқа да көрнекті түлектер бар. Бұл есімдер ғылыми ортаға да, студенттерге де жақсы таныс.

Түлектер университет қабырғасындағы ұстаздарын сағынышпен еске алып, студенттік шақтағы қызықты сәттерімен бөлісіп, бір-бірінің жетістіктерін талқылады. Олар үшін ҚазҰУ тек кәсіби жолдың бастауы ғана емес, өмір мектебі болып, сенімді достар мен әріптестер сыйлаған орта болды.

Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – факультет бойынша экскурсия, жаңа аудиториялармен және декандардың, ғалымдардың суреттері бейнеленген қабырғамен танысу болды.

Мұндай кездесулер буындар арасындағы сабақтастықты нығайтып қана қоймай, бүгінгі студенттерге де шабыт сыйлайды. Өйткені олардың алдында – өз әлеуетін толық іске асырып, ғылымға адалдық танытып, альма-матерін дәріптеген түлектердің жарқын үлгісі тұр.

Математика кафедрасының меңгерушісі

Касенов С.Е.

Математика кафедрасының меңгерушісінің

ҒЗЖ және ХБ жөніндегі орынбасары

Досмағұлова Қ.А.