- Басты бет
- Жаңалықтар
- Механика-математика факультетінде бірінші курс студенттері мен ата-аналарына арналған кездесу өтті
Механика-математика факультетінде бірінші курс студенттері мен ата-аналарына арналған кездесу өтті

2025 жылғы 27 тамызда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде жаңа оқу жылына қабылданған бірінші курс студенттері мен олардың ата-аналарына арналған дәстүрлі кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға факультет деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Сабирова Роза Фархатовна, факультет деканының оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сахаева Айгерим Куандыковна, сондай-ақ кафедра меңгерушілері және олардың орынбасарлары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жаңа студенттерді факультет құрылымымен, оқытушы-профессорлық құрамымен, университеттің мүмкіндіктерімен таныстыру, сондай-ақ ата-аналардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру болды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында студенттер мен ата-аналар факультеттің тарихы, оқу бағдарламалары, ғылыми-зерттеу бағыттары, студенттік өмір және әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алды. Факультет басшылығы оқу процесінің ерекшеліктері, жатақханаға орналастыру, студенттік ұйымдардың қызметі және басқа да маңызды мәселелерді түсіндіріп өтті.
Кездесу барысында факультеттің әлемдік деңгейдегі бастамаларға қосып отырған үлесі де ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, факультет БҰҰ бекіткен тұрақты даму мақсаттарының жүзеге асырылуына белсенді қатысып келеді. ТДМ – кедейлікті жою, сапалы білім беру, гендерлік теңдікке қол жеткізу, климаттың өзгеруімен күресу және басқа да 17 жаһандық бағытты қамтитын маңызды бастама болып табылады.
Механика-математика факультеті осы мақсаттарды іске асыруға ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламалары және студенттік жобалар арқылы үлес қосып отыр. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның тұрақты даму кафедрасымен бірлесе отырып, факультет жас ұрпақты экологиялық сауаттылыққа, ресурстарды үнемді пайдалануға және қоғам мен ғылымға пайдалы жобаларға белсене араласуға шақырады. ТДМ 4: Сапалы білім – факультет студенттерге заманауи әрі жан-жақты білім беру мүмкіндіктерін таныстырды. ТДМ 10: Теңсіздікті азайту – әлеуметтік қолдау шаралары мен жатақханаға орналастыру барлық студент үшін тең мүмкіндік жасауға бағытталды. ТДМ 17: Мақсаттарға қол жеткізу жолындағы әріптестік – ата-аналар, студенттер және факультет басшылығы арасындағы серіктестік нығайып, оқу үдерісінің тиімділігі артты.
Кездесу соңында студенттер мен ата-аналар көкейлеріндегі көптеген сұрақтарына жауап алып, факультет басшылығы оқу барысында әрбір студентке қолдау көрсетілетінін, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалатынын ерекше атап өтті.
Бұл кездесу – бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға бейімделуіне, оқытушылармен және факультет басшылығымен алғашқы байланыстар орнатуына, сондай-ақ жаңа оқу жылын табысты бастауына үлкен мүмкіндік берді.
Сабирова Роза Фархатовна
Деканның ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар


