- Басты бет
- Жаңалықтар
- Орталық Азияның тарихында қалатын конгресс: ақпаратқа қолжетімділік және медиасауаттылық
Орталық Азияның тарихында қалатын конгресс: ақпаратқа қолжетімділік және медиасауаттылық

18 тамызда Астанада Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер Федерациясының (IFLA) 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық-ақпараттық конгресі ашылды, ол - Орталық Азияда алғаш рет әлемдегі ең ірі кітапхана және ақпараттық мамандар бас қосқан халықаралық жиын болды.
Бес күндік іс-шараға 110-нан астам елден 1600-ден астам делегат келді, оның ішінде ұлттық кітапхана директорлары, ақпарат және медиа мамандары, зерттеушілер, профессор-оқытушылар, студенттер және жетекші баспалардың өкілдері болды. "Білімді біріктіру және болашақты құру" тақырыбына арналған конгрессте 80-нен астам кәсіби сессиялар мен жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық кітапханалар, коллекцияларды сақтау, инклюзивтілік және каталогтау стандарттары туралы 15-тен астам іс-шаралар өткізілді.
IFLA өзінің жүз жылдық тарихында небәрі екі рет қана Орталық Азияда конгресс ұйымдастырып отыр, сондықтан бұл еліміздің мәдени, білім беру және кәсіптік алмасу орталығы ретінде қалыптасуындағы маңызды кезең болып саналады.
«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және ЮНЕСКО сияқты ұйымдармен тиімді қарым-қатынас жасай аламыз, егер біздің дауысымыз тиімді шешімдерді іздеуге үнемі ұмтылатын, өзгерістерден қорықпайтынын танытатын болса және егер біз өз саламыздың адамдарға көбірек пайда әкелетінін, оларды қабылдайтын саланы білдіретінін дәлелдей алсақ", - деді өз сөзінде IFLA Президенті Вики Макдональд.
Қазақстанның ғылым және жоғары білім Вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Қарқынды технологиялық өзгерістер дәуірінде кітапхана-ақпараттық сала көптеген қиындықтарға тап болады, бірақ бұл сонымен қатар жаңа технологияларды енгізуге және озық тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндіктер ашады. Осы Конгресстегі пікірталастар бізге бүкіл әлем бойынша кітапханаларды ілгерілетудің инновациялық жолдарын табуға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және болашақ бірлескен бастамалардың негізін қалауға көмектесетініне сенімдімін", - деді.
Kazakh Tourism Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы "Біз Астанамыздың осындай жаһандық іс-шараны өткізу алаңына айналғанын мақтан тұтамыз. Қазақстан бүгінде өзін бай мәдени мұрасы мен табиғи қазынасы бар ел ретінде сенімді түрде танытып отыр, және біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар үшін қолайлы орын ретінде таныламыз", - дей келіп, ол жақында өткен халықаралық рейтингтерге, соның ішінде «New York Times» мәліметі бойынша Қазақстанды "баруға тұрарлық 52 орын" тізіміне енгізілгенін, Lonely Planet нұсқасы бойынша ең танымал 10 туристік бағытқа және Condé Nast Traveller ұсынған тізімдерге назар аударды.
Конгрестің ашылу салтанатында негізгі баяндамашы ретінде қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Ошанова Орынтай Жаңабайқызы сөз сөйледі. Ол: «Медиа және ақпараттық сауаттылық адамдардың, қауымдастықтардың және ұлттардың жаһандық білім қоғамдарына қатысу және олардың дамуына үлес қосу мүмкіндіктерін кеңейтудің негізгі құралы болып табылады» - дей келіп, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының «Сапалы білім» бағытында Farabi университетінде көптеген халықаралық және республикалық шаралардың ұйымдастырылып жатқанын, соның ішінде өзі басқарып отырған кафедраның медиасауаттылық бағытында ЮНЕСКО-ның Орталық Азия бюросымен бірігіп жасалып жатқан жобалардың тиіміділігін атап өтті.
Қазақстан зерттеушілерінің мәліметінше, қазіргі таңда ел тұрғындарының ақпарат көздеріне сенімділігі төмендегідей:
Телевидение – 30,8%;
Интернет сайттары – 20,3% ;
Әлеуметтік медиа – 10% ;
Ең басты назар аударарлық көрсеткіш – халықтың 40 пайызы ешқандай ақпарат көздеріне сенбейді.
Ал, халқымыздың негізгі ақпарат алатын көздері төмендегідей:
- Әлеуметтік медиа – 5,8%;
- Интернет сайттар – 40 %;
- Телевидение – 3,6 %.
Еліміздегі медиатұтыну мәселесіне келсек, 14-29 жас аралығындағы жастардың қазақ тілді контентті тұтынуы 47-75 пайызды құрап отыр, ал олардың 37 пайызы ақылы контентті пайдаланады екен. Бұл дегеніміз олардың медиасауаттылығының жоғары екенін көрсетеді.
Конгресте баяндамашылар кітапханалардың ақпаратқа қолжетімділікті арттыру, олардың сенімді ақпарат көзі екенін, қоғамдық желілерді нығайту және қоғамды технологиялық өзгерістерге дайындау үшін басқа мекемелермен қалай ынтымақтаса алатынын да талқылады. Бірнеше елдің баяндамашылары ЖИ-де медиасауаттылықты оқыту және кітапханашыларды ЖИ-ге негізделген болашаққа қоғамдастықтарды дайындауда моральдық көшбасшы ретінде орналастыру принциптері туралы айтты.
Білімге және ақпаратқа тең қолжетімділік ашық ғылым мен тұрақты дамуға арналған сессияларда да талқыланды. Кейс-стади Үндістанның "бір ұлт - бір жазылым" бастамасын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қатысты университеттік жобаларды қамтыды.
Ел Президенті Қ.-Ж. Тоқаев «кітап оқитын ұлт» бастамасын көтеріп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырып келеді. Бұл конгрестен түйгеніміз «Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Демек, егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны солардың тілімен, цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі».
Басқа жаңалықтар


