ҚазҰУ-да халықаралық конференция аясында панельдік отырыстар өттіFarabi University

ҚазҰУ-да халықаралық конференция аясында панельдік отырыстар өтті

10 қыркүйек, 2025

 

2025 жылғы 10 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан мен Малайзиядағы исламтану: ортақ тұстары мен өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы аясында үш секция бойынша панельдік отырыстар өтті.

Қазақстан мен Малайзия ғалымдары қазіргі қоғамдағы діннің рөліне, ислам өркениетінің мәдени мұрасына, жастардың құндылықтарына, діни білім берудің жаңа үлгілеріне және цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне арналған баяндамалар жасады.

Бірінші секцияда исламдық психотерапия және психикалық денсаулық мәселелері, Қазақстандағы ислам банкингінің даму перспективалары және жаһандық теолингвистикалық зерттеулер талқыланды. Ерекше қызығушылық Малайзияда жүзеге асырылған «MRSM Ulul Albab» Құранды жаттау бағдарламасына арналды.

Екінші секция исламдық білім беру және педагогиканың заманауи сын-қатерлеріне арналды. Университет Малайясының профессоры Айзан Али Мат Зин Малайзиядағы Пондок институтының тарихи қалыптасуын талдады. Сондай-ақ қатысушылар исламофобия мәселесін, исламтану мұғалімдерін даярлаудың ерекшеліктерін және Қазақстан мен Малайзия медреселерінің оқу бағдарламаларын салыстырды.

Үшінші секцияда діннің цифрлық дәуірдегі орны қарастырылды. Ғалымдар жасанды интеллект пен Құран қосымшаларының байланысы, мешіттердің сәулеттік мұрасы, Һижра күнтізбесін үйлестіру, электронды білім беру платформалары, сондай-ақ гуманитарлық және әлеуметтік сын-қатерлер жөнінде баяндама жасады. Гендерлік теңдік пен Қытайдағы Сиань Үлкен мешітінің мәдени маңызына қатысты баяндамалар ерекше назар аудартты.

Отырыстар қорытындысында модераторлар жалпы нәтижелерді жариялап, жас ғалымдар мен қатысушыларға сертификаттар табыстады. Шара естелік суретке түсумен аяқталды.

Конференцияның алғашқы күнінде қатысушылар пікір алмасып, болашақ зерттеу бағыттарын айқындап, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін белгіледі. Конференция жұмысы 12 қыркүйекке дейін жалғасады.