ХІII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛТАЙ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ СИМПОЗИУМЫ

XIII Алтай Қауымдастығы Симпозиумы биыл Мажарстанның Сегед қаласы Сегед университетінде өткізілді. Алтай халықтарының ғылыми, мәдени және рухани байланыстарын нығайтуға арналған маңызды алаңдардың бірі болған бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ге жақын баяндамашы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аталмыш жиын Алтай халықтарында «Ат, лауазым және лақап мәдениеті» тақырыбына арналды.
Аталмыш симпозиумға жоғары деңгейдегі ресми тұлғалар мен беделді ғалымдар қатысты. Атап айтсақ, университетіміздің Басқарма-Төрағасы Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Қазақстан Республикасының Будапешттегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасының Будапешттегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлшен Каранис Экшиоғлу, Түрік Тарих Қоғамының Президенті, профессор, доктор Юксел Өзген, Сегед университетінің проректоры, профессор, доктор Золтан Конья, сондай-ақ ТИКА мен Юнус Эмре институтының өкілдері қатысты. Бұған қоса, Түркия, Мажарстан және Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерінен келген көптеген ғалымдар да симпозиум жұмысына өз үлесін қосуда.
Кафедрамыз атынан түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызы мен PhD Сұлтанбек Кутлугжон Бахритдинұлы қатысып, баяндамаларын жасады. Раушангүл Амирдинқызы бұл симпозиумның түркітану және алтайтану зерттеулерінде өте маңызды қадам екендігін, сөздердің этимологиясын жасауда, тілдердің тарихын анықтауда терең зерттелу керектігін айтып өтті. Сонымен қатар 2023 жылы университетімізде өткізілген ХІ Халықаралық Алтай Қауымдастығы Симпозиумының баяндамалар жинағының тұсаукесері жасалды. Алтай симпозиумдары комитетінің төрағасы, профессор Илхан Шахин аталмыш кітапты Ректорымызға симпозиумның ашылу салтанатында сыйға тартты.
Әрбір баяндаманың ғылыми құндылығы зор болып, қатысушылардың көкжиегін кеңейтуге септігін тигізді. Сондай-ақ пікірталастар барысында ортақ мәселелердің шешімін табуға бағытталған тың ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында профессор Раушангүл Амирдинқызы шетелдік ғалымдарды университетіміздің төсбелгісімен марапаттады.
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының
аға оқытушысы, PhD
Сұлтанбек Кутлугжон Бахритдинұлы
Басқа жаңалықтар

