Барлық салаға тың серпін беретін жолдауFarabi University

Барлық салаға тың серпін беретін жолдау

12 қыркүйек, 2025

Егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін Президенттің бүгінгі жолдауы мазмұнды әрі көп салалы болып табылады. Саяси реформалардан бастап, цифрландыру, кәсіпкерлік, агро-индустрия, логистика, әлеуметтік саясат және инвестициялар – бәрі қамтылған. Сонымен қатар бір палаталы Парламент және жоғары технологиялық кәсіпорындар секілді бастамалар өзгеріске бағытталған сияқты.  Бұл реформалар жүзеге асу үшін не істеу керек?

Біріншіден, шұғыл әрі шынайы әрекеттер керек. Кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, цифрлық өсу — бәрі уақыт пен нақты дайындықты талап етеді.

Екіншіден, шешімдердің жүзеге асырылуына бақылауды күшейту керек. Бұл бастамалар тиімді іске асуы үшін айқын бағдарлама мен уақыттық кесте қажет.

Үшіншіден, аймақтарды есепке алу керек. Ауыл шаруашылығы мен логистикада, әсіресе алыс аймақтарда реализация қалай жүзеге асады — бұл да маңызды.

Төртіншіден қоғамдық сенімнен шыға білу керек. Әлеуметтік қолдау және мемлекеттік бағдарламалардың әділдігі мен тиімділігі халықтың сенімін арттыруға септігін тигізеді.

Жалпы, жолдауда ұсынылатын реформалар стратегиялық ілгерілеуге бағытталған, бірақ оларды жүзеге асыру жүйелі әрі ашық болуы қажет.

Президенттің бүгінгі Жолдауының тағы бір маңызды жері - жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық дамуға ерекше назар аударуы – еліміздің алдағы жылдардағы стратегиялық бағытының айқын белгісі. Бұл төмендегідей бірнеше маңызды мағынаға ие болатыны сөзсіз:

  • Экономиканы жаңа деңгейге шығару. ЖИ – өндірістің, логистиканың, медицина мен білімнің тиімділігін арттыратын негізгі құрал. Цифрлық шешімдер арқылы Қазақстан тек шикізатқа емес, технологияға негізделген экономикаға көшуге талпынып отыр.
  • Мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға септігін тигізеді. Жасанды интеллектті мемлекеттік қызмет көрсету, салық, кеден, әлеуметтік төлемдерде қолдану – бюрократияны азайтады, жемқорлық тәуекелін төмендетеді. Яғни, қағазбастылықтан арылып, цифрлық мемлекет құруды тездетеді.
  • Білім мен кадр саясатына едеуір ықпал жасайды.  ЖИ мамандары – болашақтағы ең сұранысқа ие кадрлар. Қазақстанда ІТ-білім беруді күшейту, жас ғалымдар мен инженерлерге жағдай жасау міндеті туындайды.
  • Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туындайды. Әлемде ЖИ технологиясына инвестиция құйып жатқан елдер алдыңғы қатарға шығып жатыр (АҚШ, Қытай, Корея). Қазақстан да артта қалмау үшін бүгінгі жолдаудағы цифрлық даму министрлігін құру, арнайы бағдарламалар жасау сияқты нақты қадамдарға бет бұру деп түсінген абзал.

 

Алайда таяқтың екі ұшы бары секілді, ЖИ-ды дамытудың қауіпті тұстары да жетерлік. ЖИ жүйелері үлкен деректерді өңдейді. Егер заңнамалық қорғау әлсіз болса, азаматтардың құпия ақпараты сыртқа шығуы мүмкін. Жаңа технология дамыған сайын кибершабуыл да көбейеді. Сондықтан ұлттық киберқауіпсіздік жүйесін күшейту қажет. ЖИ енгізілгенде кейбір мамандықтар жойылып, адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұған қарсы жаңа мамандықтарға қайта даярлау бағдарламалары керек. Егер біз тек сырттан технология алсақ, ұлттық қауіпсіздікке тәуелділік пайда болады. Сондықтан өзіміздің зерттеу орталықтарымыз мен стартаптарды қолдау өте маңызды.

Жасанды интеллект пен цифрландыру – үлкен экономикалық мүмкіндік, бірақ оны дұрыс реттемесе, қауіп-қатерлер де молаяды. Сондықтан Президенттің бұл бастамасы тек инвестиция мен кәсіпорынды ашумен шектелмей, заңдық база, этика, киберқауіпсіздік, кадр саясаты сияқты бақылау тетіктерімен қатар жүруі тиіс.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Е.Карбозов