ҚазҰУ-да «Жасанды интеллект және медиа» бағдарламасы іске қосылды

Елімізде алғаш рет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде "Жасанды интеллект және медиа" білім беру бағдарламасы ресми түрде реестрге енді. Бұл бағдарлама – медиа мен заманауи технологияны ұштастыратын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа білім беру бағдарламасы аясында болашақ медиамамандарға жасанды интеллект, нейрожелі, үлкен деректермен жұмыс істеу, Data Science, Python бағдарламалау тілі сияқты пәндер оқытылады. Бұл пәндерді меңгерту үшін IT факультетінің оқытушылары да оқу процесіне тартылады. Сонымен қатар, білім алушылар ҚазҰУ-дың суперкомпьютерлік ресурстарын да пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Бағдарлама қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл жоба ғылыми-педагогикалық бағыттағы екі жылдық магистратура деңгейінде іске қосылып отыр. Болашақта осы бағыт бойынша бакалавриат бағдарламасын ашу да жоспарланған. Аталған бастама Farabi University ұжымының Қазақстанда 2024–2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі Тұжырымдаманы жүзеге асыру жолындағы жұмыстардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, бұл – Мемлекет басшысы атап өткен жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына кеңінен енгізу саясатының нақты үлгісі. Бүгінде университет оқу үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің толық фазасына өткен.
Басқа жаңалықтар

