ҚазҰУ ISO халықаралық сертификатына ие болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ақпараттық қауіпсіздікті басқару саласындағы ISO 27001 халықаралық стандартына сәйкестігін ресми түрде растады.
ISO 27001 – ақпаратты қорғау саласындағы ең беделді халықаралық стандарттардың бірі. Бұл сертификат ҚазҰУ-дың жоғары халықаралық талаптарға сай екенін және ақпараттық қауіпсіздік жүйесін тиімді түрде енгізіп, басқарып отырғанын көрсетеді.
Сертификат университеттің негізгі қызмет бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда: білім беру және ғылыми-зерттеу үдерістері, әкімшілік басқару, жеке деректерді қорғау және басқару, академиялық және қызметтік ақпарат, IT-сервистер мен веб-ресурстар, онлайн және қашықтан оқыту жүйелері.
ҚазҰУ – Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін кешенді түрде енгізген алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Бұл жүйе білім беру, ғылым және басқару салаларын толықтай қамтиды.
ISO 27001 сертификатына ие болу – университеттің цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу және басқару үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы стратегиялық ұстанымын айқындайды.
Аталған халықаралық сертификат ҚазҰУ-ға шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатуға, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға, сондай-ақ жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


