Жақсының әрқашан да жөні бөлек...

26 ақпан, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жамбыл ақындық мұрасы және жамбылтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Адамдықты, ерлікті, батырлықты, ел бірлігін сақтаған татулықты айтқан» келелі жиын ғылым мен білімнің қасиетті қара шаңырағында Ресей, Грузия, Түркия, Қырғыз елдерінен арнайы келген ғалымдардың басын қосты.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы халықтың рухани өмірінде Жамбылдың алар орны ерекше болған. Ол алғашында ел өмірін шынайы жырға қосса, соғыс жылдарындағы отты өлеңдерімен жауынгерлердің жігерін жаныды. Толағай дастаншылдығымен қисапсыз қисашылдығы өз алдына. Шоқтығы биік тағы бір өнері айтыстың да алаңын қыздырғандығы баршаға аян.

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.

Жақсының әрқашан да жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға, –деген екен ХХ ғасырдың гомері атанған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев. Жөні бөлек жақсының туғанына жүз елу жыл толуын ЮНЕСКО ұйғарымымен бүкіл әлем мерейлі мерекеге айналдырған болатын. Биыл, міне, ақындық өнегесі ұрпаққа үлгі ұлы жыраудың 170 жылдығы да халықаралық көлемде айшықты аталып өтуде.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Жамбыл мұраларының ҚазҰУ-да зерттелуіне ерекше назар аударды: «Жамбыл ақындық мұрасы және жамбылтану өзекті мәселелері ҚазҰУ әдебиетші ғалымдарының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Академик-жазушы Мұхтар Әуезовтен басталған бұл дәстүр кешегі Ханғали Сүйіншәлиев, Сұлтанғали Садырбаев, Алма Қыраубаева еңбектерінен жалғасын тапты. Бүгінде Жанғара Дәдебаев, Мүбәрак Үмбетаев, Анарбай Бұлдыбай т.б. ғалымдар ізгі ізденістерді одан әрі дамытып келеді».

Шота Руставели атындағы Грузин әдебиеті институтының директоры Ирма Ратиани Шота Руставели мен Жамбыл Жабаев шығармаларындағы сабақтастықты тілге тиек етті. ХІІ ғасырда өмір сүрген Грузияның мемлекет қайраткері мен қазақтың жыр алыбының арасын қаншама уақыт бөліп жатыр, дей тұрғанмен олардың шығармашылығындағы үндестік екі ел арасындағы рухани жақындықтың белгісі. Себебі, поэзия уақытқа бағынбайды. «Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында Грузияда қазақ әдебиетін оқу үлкен дәстүрге айналған болатын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл процесс сәл ақсап қалды. Мен, Қазақстанға Жамбылдың тойына арнайы келдім. Дегенмен, менің тағы бір діттеген дипломатиялық міндетім бар. Ол Қазақстан мен Грузия арасында білім, ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру», - деп атап өтті Шота Руставели елінің өкілі.

Алқалы жиында шет елден келген ғалымдардан бөлек, Ә. Дербісәлі, У.Қ.Қалижанов, А.Т.Қожамқұлов, Ж.Шаштайұлы, Г.Құрманбай, Н. Қапалбекұлы сияқты қазақтың біртуар азаматтары сүбелі баяндамаларын оқыды.

Конференция аясында филология және әлем тілдері факультетінде «Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу» орталығы ашылды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған Жамбыл Жабаевтың 2 томдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Жамбыл – әлемдік әдебиеттің алтын қорында мәңгілікке қалып, қазақ деген ұғыммен қатар жүретін дәрежеде өз шығармалары арқылы көтеріліп, биікте тұр. Тек, біздер ұрпақтары оларды – ұлыларымызды сол биіктен көрсете білейік, өзіміз ұсақталып қалмайық», – деді кітап мұражайының директоры, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы.

ҚазҰУ, Баспасөз қызметі