Жұлдызбен жүздесу: Өнер мен өмірді тоғыстырған шығармашылық кеш өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал актриса, әнші әрі тележүргізуші Айгүл Иманбаева студенттермен шығармашылық кездесу өткізді.
Шараның басты мақсаты – болашақ журналистерге өмір пен шығармашылық жолға азық болар тәжірибе, ерік-жігер беру және медиа саласындағы жаңа өзгерістер төңірегінде ой өрбіту. Кездесу барысында Айгүл Иманбаева өзінің өнер жолындағы алғашқы қадамдары, қиындықтары мен жетістіктері туралы әңгімелеп, студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарына шынайы жауап берді.
«Журналист болу – үлкен жауапкершілік. Сіздер – халық пен биліктің, өнер иелері мен қоғамның арасындағы алтын көпірсіздер. Сондықтан шындық пен әділдікті ту еткен кәсіби маман болуға ұмтылыңыздар. «Мен мына белесті бағындыра алмадым» деп, жетістікке жетпегеніңе өзгелерді кінәлау – сорақылық. Жетістікке жету үшін қолдан келгенін аянбай, еңбек ету керек», – деді Айгүл Иманбаева.
Кездесу бейресми, жылы атмосферада өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өнер иесінен пайдалы кеңестер алды. Әсіресе тележүргізуші болуды армандайтын, сахнадағы мансабын бастаймын дейтін жастар үшін әртістің тәжірибесі мен әңгімелері маңызды бағыт-бағдар берді.
Шара соңында студенттер Айгүл Иманбаеваға алғысын білдіріп, естелік суретке түсті.
- Кеш барысында белгілі әншінің өз аузынан поэзия шумақтары мен
өлеңдерін естігенде, керемет әсерде болдық. Көпшілік білмейтін тың ақпарат біліп, бір марқайып та алдым. Мәселен, Айгүл Иманбаеваның әдебиеттегі ұстазы – Дулат Исабеков болса, журналистикадағы ұстазы – Клара Қабылғазина екен. Кеш соңында әуезді әсем әнмен журналистика факультетінің студенттері өз өнерін көрсетіп, жылы естелік қалдырды. Қара шаңырағымызда белгілі тұлғалармен жүздесу саны ұлғайып, жиі ұйымдастырылса білім алушылардың оқуға деген зейіні мен мақсаты айқын болары анық, – деді журналистика факультетінің 1 курс студенті Амина Орынбасар.
Дана САДЫРҚАН,
журналистика факультетінің 4-курс студенті
Басқа жаңалықтар

