ҒЫЛЫМДАҒЫ ҚОС ЕҢБЕК – ЗАМАНА ШЫНДЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІFarabi University

ҒЫЛЫМДАҒЫ ҚОС ЕҢБЕК – ЗАМАНА ШЫНДЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ

4 қазан, 2025
  • ТДМ-4 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде қаламгер, журналист, публицист Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күніне орай жаңа ғылыми еңбектердің тұсаукесері өтті.

         Филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Римма Жақсылықбаеваның «Көсемсөз кемеңгері: Шерхан Мұртаза» атты екі томдық монографиясы оқырманға жол тартты. Ғалым еңбегінде Шерхан Мұртазаның публицистикалық мұрасы, редакторлық мектебі, 1956–2006 жылдары мерзімді баспасөзде жарық көріп, ешбір жинаққа енбеген жарияланымдары топтастырылған.

        Журналистика факультеті студенттеріне, қазақ баспасөзін зерттеушілерге, жас ғалымдар мен болашақ журналистерге, журналистік шеберлікке қызығатын барша оқырман қауымға арналған монографияның алғашқы томында Шерхан Мұртазаның 1956-2000 жылдардағы  өмірлік, шығармашылық жолына, қазақ публицистикасы мен баспасөздегі редакторлық-ұйымдастырушылық шеберлігіне, очеріктеріндегі тілдік-стильдік, көркемдік әдіс-тәсіліне, публцистикалық туындыларының жанрлық түріне, шығармаларының композициялық-құрылымдық поэтикасына ғылыми тұрғыда баға берілген.

        Сондай-ақ Римма Жақсылықбаева ғылыми еңбегінде Шерхан Мұртазаның шығармаларына жазылған рецензияларды, жазушы туралы қаламдас аға, әріптес іні, шәкірттерінің естелігін, қаламгерден алынған сұхбаттарды енгізіп, мақала, очерк, рецензия, эсселерінің библиографиялық тізімін жасаған.

        ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, професоор Бауыржан Жақып: «Шерхан Мұртаза – халықтың шырақшысы. Оның публицистикасын зерттеу – ұлт санасына сәуле түсіру. Бұл монография – болашақтағы «Шерхантану» ғылымының берік іргетасы болмақ», – деп баға берді.

       «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» қашан да. Ғылым жолында ұстазының соңынан ерген жас ғалым Бағдат Сұлтанқызының «Публицистің шығармашылық зертханасы: дарын табиғаты, жазу машығы» атты ғылыми монографиясы да жарыққа шықты. Еңбекте Оралхан Бөкейдің публицистік шығармаларындағы дарын табиғаты мен жазу машығындағы ерекшелік сипаты айқындалып, Мұхтар Мағауиннің «Жұлдыз» журналындағы һәм редакторлық қыры, көркем шығармаларындағы тарихи, деректі публицистикасы зерттеліп, сараланады.

        Көсемсөз – жәй ғана ақпарат құралы деу орынсыз. Өйткені ол – халықтың жан дауысы, замана шындығының көрінісі, ұрпаққа берілетін аманат. Қазақ публицистикасында Шерхан Мұртаза сияқты алыптар мен Оралхан, Мұхтар сынды тұлғалардың шығармашылығын терең зерттеу – ұлттық сананың жаңа қырларын ашуға жол ашады. Бірі – Шерхан мұрасын тереңнен танытса, екіншісі – Оралхан мен Мұхтардың публицистикасын жаңа көзқараспен пайымдайтын қос еңбек – осы бағыттағы маңызды қадам.