ҚазҰУ студенттерімен минералдық ресурстарды іздеу технологияларыFarabi University

ҚазҰУ студенттерімен минералдық ресурстарды іздеу технологиялары

2 қазан, 2025

2025 жылғы 1 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультеті, Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасында (509-аудитория) Жасанды интеллект пен Жерді қашықтықтан зондтау әдістерін қолдана отырып, «Minerals.gov.kz» жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы деректерін талдау негізінде рудалы-шикізаттық аумақтарды болжау және іздеу технологияларын әзірлеу жобасы бойынша орындаушылардың кафедра студенттерімен кездесуі өтті. Жобаның ғылыми жетекшісі — ф.-м.ғ.д., профессор Темирбеков Н.М.

 

Жиналыс барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған геологиялық зерттеулерді дамытуға байланысты стратегиялық міндеттердің өзектілігі атап өтілді. Атап айтқанда, еліміздің минералдық-шикізат базасын нығайту, геологиялық ақпараттың қолжетімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу мәселелері қозғалды.

 

🔬 Бағдарламаның негізгі мақсаты – Minerals.gov.kz бірыңғай платформасындағы деректерді жасанды интеллект пен қашықтықтан зондтау әдістерін қолданып талдау арқылы рудоперспективті аумақтарды анықтауға арналған жаңа технологияларды әзірлеу.

 

Кездесуде геологиялық деректерді жасанды интеллектпен өңдеу, Minerals.gov.kz платформасына машиналық оқытуды енгізу, ғарыштық деректер негізінде минералдық индикаторларды картаға түсіру және жаңа алгоритмдер әзірлеу мәселелері талқыланды.

 

Мұндай кездесулер БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) жүзеге асуына ықпал етеді, атап айтқанда:

🎓 ТДМ 4 «Сапалы білім» — студенттердің инновациялық технологиялар саласындағы құзыреттерін дамыту;

🏭 ТДМ 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» — жасанды интеллектті зерттеу мен қолдануды ілгерілету;

🤝 ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік» — университет пен халықаралық деңгейде еңбек етіп жүрген түлектер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Есептеу Ғылымдары кафедрасы