Жақсылық әрқашан жамандықты жеңеді

2025 жылдың 7 қазанында Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының студенттері «Жақсылық әрқашан жамандықты жеңеді» тақырыбында кездесу өткізді. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының №16 – «Бейбітшілік, әділдік және мықты институттар» бағыты аясында ұйымдастырылып, жастар арасында әділдік, мейірімділік және өзара қолдау сезімін қалыптастыруға бағытталды.
Шараның бастамашылары – студенттердің өздері. Олар әлеуметтік маңызды тақырыпты талқылап, буллинг мәселесіне арналған әлеуметтік бейнеролик түсірді. Роликте қысым көрген адамға жаны ашып, оған көмектескен студенттердің әрекеті арқылы мейірім мен батылдықтың қатыгездік пен немқұрайдылықты жеңе алатыны көрсетілді.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттерге белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру, әділетсіздікке қарсы тұра білуге және жанашырлық танытуға үйрету болды. Қатысушылар әрбір адамның айналасына жақсылық пен ізгілік тарата алатынын атап өтті. Сондай-ақ, ҚазҰУ еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде әділдік, адамгершілік және өзара құрмет қағидаттарын қолдайтыны айтылды.
Кездесу жылы және шабыттандыратын атмосферада өтті. Бейнеролик көрсетілімінен кейін студенттер өмірдегі нақты буллинг жағдайларын талқылап, оны болдырмау жолдарын ұсынды. Оқытушылар мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтіп, олардың жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға және немқұрайдылықтан арылуға ықпал ететінін айтты.
Осындай іс-шаралар әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, жақсылықтың әлемді өзгертуге күші бар екеніне сенімді нығайтады.
«Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының аға оқытушысы Аушенова А.С.
Басқа жаңалықтар

