“Қазақстандағы тілдік ландшафт: ішкі көзқарастар мен ғылыми талдаулар” атты халықаралық ғылыми конференциясыFarabi University

“Қазақстандағы тілдік ландшафт: ішкі көзқарастар мен ғылыми талдаулар” атты халықаралық ғылыми конференциясы

9 қазан, 2025

2025 жылғы 23 қыркүйек пен 3 қазан аралығында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аяужан Қайратқызы Таусоғарова мен филология ғылымдарының кандидаты, ассоциирленген профессор Сәуле Бекмұхамедқызы Бектемірова Италияға іссапары барысында Венеция қаласындағы Ca’ Foscari университетінде өткен “Қазақстандағы тілдік ландшафт: ішкі көзқарастар мен ғылыми талдаулар” / The Kazakh Linguistic Landscape: Internal Perspectives and Scholarly Insights атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.

Конференцияның ашылу салтанаты Ca’ Foscari университетінің Азия және Солтүстік Африка зерттеулері кафедрасының профессоры Элизабетта Рагагнин ханымның құттықтау сөзімен басталды. Өз сөзінде ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ca’ Foscari университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, болашақтағы оқу, білім және ғылым салаларындағы бірлескен жоспарларымен бөлісті.

Жиын барысында қазіргі Қазақстандағы ғылыми кеңістікте лингвистиканың даму бағыттары мен өзекті мәселелері шетелдік аудиторияға таныстырылды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аяужан Қайратқызы Таусоғарова “Қазіргі Қазақстандағы тілдік құқық бұзушылықтың масс-медиадағы көріністері” тақырыбында, ал филология ғылымдарының кандидаты, ассоциирленген профессор Сәуле Бекмұхамедқызы Бектемірова “Қазіргі Қазақстандағы түркітану ғылымының өзекті мәселелері” тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасады.

Сондай-ақ Ca’ Foscari университетінің Азия және Солтүстік Африка зерттеулері кафедрасының постдокторанты, әл-Фараби университетінің түлегі Райма Әуесхан “Қазіргі Қазақстандағы тілдік жағдаят” атты баяндамасын ұсынып, ол аудиторияда қызу пікірталас тудырды.

Аталған конференцияны ұйымдастырып, лингвистика мен түркітану салалары бойынша келешектегі ынтымақтастыққа кең жол ашқаны үшін профессор Элизабетта Рагагнин ханымға және біздің университетіміздің түлегі, PhD докторы Райма Әуесханға зор ризашылығымызды білдіреміз.

Конференцияның қорытындысында профессор Элизабетта Рагагнин: «Сіздер әл-Фараби университетінің филология факультетінен ғылыми байланыс орнатқан алғашқы әріптестерсіздер. Енді біздің ынтымақтастығымыз жаңа қарқынмен жалғасады», - деп атап өтті. Бұл сөздер жаңа ғылыми жоспарлар мен бірлескен бастамаларға серпін берді.