Ғылым қызметкерлері күніне арналған кураторлық ашық сабақFarabi University

Ғылым қызметкерлері күніне арналған кураторлық ашық сабақ

10 қазан, 2025

1 қазан – Ғылым қызметкерлері күніне орай филология факультетінде орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушылары Таңшолпан Амантай мен Дамир Әбділданың ұйымдастыруымен ашық кураторлық сабақ өтті.

Шараға "Орыс филологиясы" және "Орыс тілі мен әдебиеті" мамандықтарының 1-курс студенттері қатысты. Ашық сабақ «Ұстаздар. Ғалымдар. Қайраткерлер.» тақырыбында өткізілді.  Ашық сабақ барысында қатысушылар университетке елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен ұстаздардың өмірі мен ғылыми зерттеулерін талқылады. Факультеттің атақты түлектері – профессорлар, жазушылар мен зерттеушілердің есімдері аталды.  Студенттер қызықты презентациялар дайындап, факультеттің құрметті профессоры, әдебиеттанушы Тұрсынбек Кәкішев, Элеонора Дүйсенқызы Сүлейменова сынды және басқа да белгілі ғалымдар туралы әңгімеледі.  Осындай көрнекті ғалымдардан білім мен тәжірибе жинақтаған түлектер бүгінде ҚазҰУ-дың құрметті профессор-оқытушылар құрамына айналды. Олар ұстаздарының дәстүрін жалғастырып, білім нәрімен сусындап, жаңа ұрпақ шәкірттеріне шабыт береді.  Бұл кураторлық ашық сабақтың басты мақсаты – бірінші курс студенттерін ұстаздық пен ғалымдықтың ұлы жолымен таныстырып, ғылым мен білімге адал қызмет етудің үлгісін көрсету. Мұндай кездесулер студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, өз білім ордасына деген мақтаныш сезімін оятады.

Сабақ соңында кураторлар Таңшолпан Амантай мен Дамир Әбділда ғалымдар мен ұстаздардың маңызды рөлі туралы ойларын ортаға салып, студенттерге оқу жылының табысты да, жемісті болуына тілектестік білдірді.