әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Флагман» бағдарламасы бойынша білім алатын америкалық студенттер БҰҰ-ның ТДМ аясында Қазақстанның бірлік пен толеранттылық тәжірибесін зерттедіFarabi University

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Флагман» бағдарламасы бойынша білім алатын америкалық студенттер БҰҰ-ның ТДМ аясында Қазақстанның бірлік пен толеранттылық тәжірибесін зерттеді

10 қазан, 2025

2025 жылғы 10 қазанда Алматы қаласындағы Достық үйінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Мендығаным Жамалбекқызы Шаймеренова «Қазақстан халқы Ассамблеясы: этномәдени әралуандылық және дәстүрлерді сақтау» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды. Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Флагман» бағдарламасы бойынша білім алатын америкалық студенттеріне арналған.

Дәріс әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ 4 «Сапалы білім беру» және ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділдік және мықты институттар») ілгерілету контекстінде өткізілді. Мақсат — мәдениетаралық диалогты дамыту, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық келісімді нығайту.

Профессор Мендығаным Жамалбекқызы Шаймеренова студенттерге Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы баяндап, оның елдегі 130-дан астам этносты біріктіретін бірегей қоғамдық институт ретіндегі рөлін атап өтті. Сондай-ақ азаматтық бірлікті нығайту, этномәдени орталықтарды қолдау және тілдік-мәдени дәстүрлерді сақтау мәселелері қозғалды.

Америкалық студенттер белсенді қатысып, мәдени құндылықтарды сақтау тетіктері мен жастардың этносаралық келісімді нығайтудағы рөлі туралы сұрақтар қойды. Олар Қазақстанның этномәдени әралуандығына жоғары баға беріп, елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-білуге қызығушылық білдірді.

Іс-шара мәдениетаралық түсіністікті нығайтып, Қазақстанның бірлік пен әралуандылық қағидаттарын табысты жүзеге асырып отырған ел ретіндегі оң бейнесін қалыптастыруға ықпал етті.

Аймагамбетова М.М., Шетел филологиясы

және аударма ісі кафедрасы