- Басты бет
- Жаңалықтар
- Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығында PolyU өкілдерімен кездесу өтті: зерттеулердің жаңа бағыттары мен халықаралық ынтымақтастық бастамалары талқыланды
Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығында PolyU өкілдерімен кездесу өтті: зерттеулердің жаңа бағыттары мен халықаралық ынтымақтастық бастамалары талқыланды

2025 жылдың 11 қазанында Farabi Hub инновациялық алаңында орналасқан PolyU–KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығында Гонконг Политехникалық университетінің (PolyU) делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Делегация құрамында Орталық директоры, профессор Бен Ку, доктор Кан, сондай-ақ олардың шақырылған қонақтары - Калгари университетінің (Канада) профессоры Дора Там және профессор Хор Ка Уай Кристофер болды.
Кездесуге ҚазҰУ тарапынан география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, Орталық директорының орынбасары, доктор Алия Актымбаева, рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы және Орталықтың әкімшілік ассистенті Елдар Нұрұлы, ФжСФ-нің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушысы, Орталықтың әкімшілік ассистенті, доктор Аружан Саймасаева, кафедра доценті, доктор Александр Артемьев, аға оқытушылар - PhD докторлары Гулбарам Кулахметова мен Акмарал Сапиева, оқытушы Аида Қалиева, сондай-ақ Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану ғылыми орталығының кіші ғылыми қызметкерлері Динара Нұрқызы, Еркежан Даулетханова, Әмина Шырынтай және Аружан Серікбол қатысты.
Кездесу барысында Орталық ашылған сәттен бергі қызмет туралы егжей-тегжейлі есеп ұсынды. Есепте жүзеге асырылған бастамалар, бірлескен ғылыми жобалар, жарияланған еңбектер, өткізілген іс-шаралар және халықаралық академиялық форумдарға қатысу нәтижелері қамтылды. Сондай-ақ ағымдағы зерттеу бағыттары мен оларды одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды. Әңгіме серіктестік пен өзара сенім рухындағы жылы, сындарлы атмосферада өтті.
Тараптар туризм, әлеуметтік даму және әлеуметтік жұмыс салаларын біріктіретін жаңа пәнаралық зерттеулердің болашағына ерекше назар аударды. Кездесуде бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын іске қосу, жас ғалымдар мен докторанттардың академиялық мобильдігін кеңейту, сондай-ақ PolyU-дың School of Hotel and Tourism Management (SHTM) және Department of Applied Social Sciences (APSS) құрылымдық бөлімдерімен ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесудің жеке тармағы ретінде PolyU–KazNU Тұрақты даму орталығының аясында 2026 жылы жаңа халықаралық конференция ұйымдастыру бастамасы көтерілді. Алдағы іс-шара туризм, әлеуметтік жұмыс және тұрақты даму бағыттарындағы зерттеушілер мен практиктерге арналған халықаралық пікір алмасу алаңына айналмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚазҰУ мен PolyU арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Орталықтың Орталық Азия өңіріндегі халықаралық бастамаларды ілгерілетудегі және тұрақты даму қағидаттарын насихаттаудағы рөлін жоғары бағалады.